Олжас Сырлыбай 97 келі салмақта Қазақстан Чемпионы атанды. Олимпиадалық салмақ дәрежесінде белдесетін грек-рим күресінің шебері финалда Қостанай облысының өкілі Юсуф Мациевтен айласын асырды.
Еліміздің ең мықты балуандары кешелі бері елорда төрінде бағы бен бабын сынап жатыр. Чемпионатта жеңіске жеткен спортшылар лицензиялық турнирлерге қатысуға жолдама алады, яғни Париж Олимпиадасына бір табан жақындайды. Байрақты бәсеке бас қаладағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтіп жатыр. Кіру тегін. Ертең әйелдер арасында белдесуді тамашалай аласыздар. Ал ақпанның 4-і мен 5-і күні еркін күрес бойынша ел мықтылары анықталады. Сайысты таңғы 10:30-дан бастап Qazsport арнасынан тікелей эфирде тамашалауға болатынын да айта кетейік.