Жеті атадан бері бүркіт баулитын әулет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеті атадан бері бүркіт баулитын әулет

03.02.2024

Абай облысының Көктерек ауылына 7 атадан бері құсбегілікпен айналысатын әулет тұрады. Тәжірибелі бүркітші Нұғым Қайдар 40 жылдан бері құс көтеріп, ата дәстүрді жаңғыртып келеді. Қазір немерелеріне дәріптеп, аңға құс салудың қыр-сырын үйретті. Еліміз бен шет елдердегі бәсекелерде топ жарып, талайларды таңдай қақтырған бүркітшілер әулеті жайлы тілшіміз, Ержан Жақып баяндайды.

Нұғым Қайдар 10 жасында әкесіне ілесіп, құс көтерген. Жарты ғасырға жуық саятшылықты серік етіп келеді. 10 нан астам қыран баптаған. Төл өнерге талай шәкіртті баулыды.

Нұғым Қайдар, бүркітші:

Менің әкемнің әкесі, оның әкесі көтеріп отыр ғой енді. Сонда 4 атаға жалғасып кетіп отыр ғой. Енді қазір бұл қайтадан дәстүрге айналып, жаңғырығы жақсы болып жатыр. Жастардың қызығушылығы да артып келе жатыр.

13 жастағы Әбусақа Мырзабек әулеттегі ең жас бүркітші. Аңсұңқар атты қыранын баптағанына екі-үш жыл болған. Сол аралықта талай жарыстарда томағасын сыпырып, топ жарды.

Әбусақа Мырзабек, 8-сынып оқушысы:

Аңға салып жүрмін. Аңдар алып жүр. Қоян, түлкі, қарсақ сондай аңдар алып жүр. Атамнан үйрендім. Біз жеті атамыздан бері бүркітшіміз. Атадан бабаға келе жатқан дәстүр. Біз осыны жалғастырып, мен де осылай жалғастырып келе жатырмын

Нұғым Қайдардың өмірлік серігі Қайратгүл Шәденқызының да құсбегілік өнерді дамытуда үлесі зор. Бүркітшілер саят құрып, аңға кеткен сайын, қыранның жемін дайындап, бабында болуын үнемі қадағалап отырады.

Қайратгүл Шәденқызы, Нұғым Қайдардың жары:

Мынау қоянның еті. Енді тұрып қалған ескі ет жемейді. Одан кейін тұздаған ет жемейді бұл. Қоян жоқ кезде арнаулы мал сойып беріп отырамыз бұған.

Саятшылар әулетінің ұядан балапен кезінен алып, баптаған қыраны-Мұзбалақ еліміздегі ең жүректі бүркіт саналады. Талай рет түз тағысы- қасқырға түскен. Республикалық сайыстардан бөлек, құсбегілердің әлем чемпионатында 2 орынды иеленіпті.

Қазір Абай облысында 10 жуық қыран бар. Бұрын көбіне ел ішіндегі бәсекелерде ғана өнер көрсетіп жүрген саятшылар биылдан бастап шет елдерге де бөгетсіз шығуға мүкіндік алған.

Тәттімбет Кәпұлы, бүркітші:

Бұрын біз шет елге құспен шыға алмайтынбыз. Енді Аллаға тәубә, шет елге барып арабтармен, Моңғолиядағы қазақтармен құсбегілікте бірге жарысып, бірге қатысуға жол аштық.

Жақында Шығыс Қазақстанның Бозанбай ауылында бүркітшілердің республикалық чемпионаты өтеді. Қазір құсбегілер әулеті осы додаға қызу дайындық үстінде.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу