Оқу-ағарту министрінің уақытша міндетін атқарушы Ғани Бейсембаевтың «Жедел желі» бағдарламасында айтқан осы сөзі, қоғам талқысына түсіп жатыр. Бірі мұғалімдерді шектеуден босатып, еркіндік беру керек десе, екінші бір тарап, ұстаз жат әрекеттен түбегейлі аулақ болғаны жөн, - дейді. Ал Педагог мәртебесі туралы заң Ғани Бейсембаевтың сөзін қуаттайды. Нақтырақ, 15-ші бабында ағарту саласының қызметкерлері әдепті сақтауға міндеттеледі. Сонымен қатар, осы құжаттың негізінде шығарылған № 190-шы бұйрықтың 3-тарауында, Педагогтер қызметтік және қызметтік емес уақытта педагогикалық әдептің негізгі принциптерін сақтайды делінген. Сала сарапшыларының пікірінше, мұғалім – әлемді өзгертетін адам, сол себепті олар тек үлгі аларлық істе бой көрсетуі тиіс.
Жігер Телюқанов, «Құндылықтарға негізделген білім беру» орталығының бас тренері:
Мұғалімнің этика жағынан да, эстетика жағынан да үлгі болғаны негізі абзал. Сол үшін де біз адамдарды ұстаз деп бөле бастадық. Сол дәрежеге тырысатын адамдар болса, сол адамдар міндетті түрде әлемді өзгерте бастайды. Біз Алашордашыларды ерекше жақсы көретін себебіміз, Абай мен Ыбырай атамызды ерекше жақсы көретін себебіміз, олар тек қана мектеп ашу, білім беру деген ойда қалған жоқ. Сонымен қатар өздері де сол нәрседе үлгі бола алды.