Ескерткіштері еңселі елорда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ескерткіштері еңселі елорда

23.06.2016
Ескерткіштері еңселі елорда

Әлемнiң «мен» деген мықты елдерiнде сол мемлекеттiң болмысын, бедерін, ерекшелігін һәм тарихын танытып тұратын ескерткiштер бар. Әйгiлi Мысыр пирамидасы, Үндiстанның Тәж-Махалы, көне аңыздарда перiлер тұрғызыпты-мыс дейтiн Қытай қорғаны, әлемнiң жетi кереметi саналатын Александрия мұнарасы, Американың Азаттық мүсiнi, Францияның «Эйфель» мұнарасы... Тiзе берсең, тiптi көп.

Ал, Қазақстан дегенде...

Әрине, алдымен, жаңа әлемдегi жаңа Қазақстанның жарқын бейнесiн танытатын, елдiң бойтұмарындай болған Астана ауызға оралады.

Ал Астана туралы айтқанда...

Бес ғасырдан сыр тартқан қола белгі

...Елорданың ортасынан орын тепкен, сан ғасырлық тарихымызға, бүгiнiмiз бен ертеңiмiзге қойылған мәңгiлiк ескерткiштер ерiксiз көңiл аудартады. Әсіресе, Астана­ның нақ төріндегі «Бәйтерек» мону­ментін бүгінде білмейтін қа­зақ­стандық кемде-кем. Бұл тұ­ғырды көпшілік, елорданы танитын әлем тұрғындары Астананың символы деп біледі. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың идея­сымен тұрғызылған алып «Бәй­терек» алтын жұмыртқасын қор­ғауға ұмтылған самұрық құс пен айдаһардың арпалысын баяндайтын бағзы бір аңызды еске түсіретіні де талайға аян.

Астанадағы алып ескерт­кіш­тердің бірегейі - «Қазақ елi» мо­нументi. Жеті жыл бұрын ірге қалаған тұғыртас елiмiздiң сан ғасырлық тарихын, басынан кешкен небiр аумалы-төкпелi замандарды, азаттықтың ақ таңы атқалы берi жеткен жетiстiктерiмiздi әс­петтейтiн дәуiрлiк маңызы бар тарихи кешен. Шындығында, мән-мағынасы терең осынау ескерткіш тарихи әділдіктің салтанат құруын айғақтайды. Сонымен қатар, «Қа­зақ елі» ұрпақтар байланысын және уақыт үндестігін білдіреді. Мо­нументтің 91 метр биіктігі 1991 жылы тәуелсіздік алғанымызды аңғартса, ұшар басындағы күн, астында қанат жайған самұрық құс - егемен еліміздің ертеңі мықты екендігінің нышаны. Ал сонау ғасырларда Атилла басқарған Еділ ғұндары ақ туларына осы құсты бейнелегенін қарт тарих айтады. Стелланың төменгі белдеуіндегі «Ха­­лық және тұңғыш Президент», «Қа­һармандық», «Жасампаздық» және «Бола­шақ» деп аталатын төрт қола барельефтің әрқайсысының өз «ай­тары» бар. Тағылымы мол сәулет туындыларының қа­та­рында «ұлысымызды зама­нын­­да ұйыстырған» Керей мен Жәнiбек хан­дардың еңселi ес­керт­кiшiн ерекше атауға болады.Тұңғыш Президент мұражайының алдындағы гүлзарда орналасқан еңселі ескерткіш бес ғасырдан астам бұрынғы дәуірдің оқиғаларынан сыр шерткізеді. Қос тұлғамыз құр­ған Қазақ хандығының 550 жылдығын былтыр ғана дүрілдете тойлағанымыз тарихқа көрсеткен ұрпақ құрметі еді. Екі ханның бейнелері бос­тандықтың салтанат құруын, жаңа хан­дықтың құрылуы мен жаңа өмірдің басталуын әй­гілейді. Керей қазақтың тұңғыш ханы ретінде хан тұлпарынан жаңа шешілген ер-тоқымда отырған қа­лыпта бейнеленген. Ал Жәнібек хан ержүректікті, батылдық пен күш-жігерді паш етіп тұр.

«Мәңгілік елдің» «Отан-Анасы»

Асқақ рухымыздың айрықша нышаны - «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы. Әлемдегі санаулы қала­ларға тән ерекше сәулеттік мұндай туынды әдетте жеңіс рухын асқақтату немесе жасампаз жетістіктердің құрметіне қаланың кіреберісіне, үлкен жолдың бойына орнатылады. Ал Астанадағы салта­нат қақпасы аспанмен таласқан зәулім ғимараттардың ортасынан ойып орын алған.

Сәулет нысанының биіктігі - 20 метр. Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығы қар­саңында ашылған қақпаның сол жақ қап­талында «Ақсақал» мүсіні орнатылған. Бұл - халықтың ойы мен рухани өл­шемінің көрінісі, даналықтың символы. Оның қазақы ерекшелігін ұлттық киімінен аң­ғаруға болады. Сол жақ қапталындағы «Әйел-Ана­ның» мүсіні «Отан-Ана», «Жер-Ана», «ана тілі» сынды киелі ұғым­дарға ұласады. Мүсіндердің әрқайсысының астында қазақтың «Мәңгілік» дара таңбасы орын тепсе, үстінде Елтаңба орналасқан. Сыртқы бөліктің жоғарғы жа­ғында «Мәңгілік ел» жазуы бар. Ол - мемлекет пен ұлттың уақытқа тәуелсіз кие­лі қорғаны. Қақпа қабырғалары күрделі ұлттық өр­нектермен безендіріліп, ортасына қазақ жауынгерінің бес қа­руының бірі - қалқан орналасыпты. Нысанның екі жағындағы «Тай­қазан» тыныштық пен тоқ­шылықтың, бірегей көңіл мен қо­нақ­жай пейілдің терең ұғымын білдірсе керек.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мәң­гілік ел» қақпасының ашылу салтанатында: «Біз бұл тама­ша жасампаздық қақпасын ең­бегіміздің, табыстарымыздың белгісі ретінде, болашаққа өтудегі белгіміз ретінде тұрғыздық. Қақ­па біздің жас, әсем елордамыз - Ас­тананың тағы бір символына айналатын болады», деген.

«Мәңгілік Ел» сөзінің терең тарихи тамыры және үлкен мағына­лы мәні бар. Түр­­кі шежіресінде «мәң­­­гі» сөзі «Тәңір», «Құдай», «Ал­ла» сөздерімен мағыналас қолданылды. Осы ретте, «Мәңгілік Ел» «Ал­ла тағаланың елі, халқы» дегенді білді­реді және мемлекет пен ұлттың уақытпен шек­­телмеген тұмары болмақ», дейді сәулетші.

Астананың ажарын айшықтаған ес­керткіштердің бірі - бiрлiк пен келi­сiмге шақырып, күлiмсiреп тұрған ана бейнесiнде. Қолында - бейбiтшiлiк пен көркеюдiң бел­гiсi саналатын алтын тостаған. Қазақстанда тұратын барлық ха­лықтардың татулығын әйгілейтін 101 масақтан тұратын 40 метрлiк стелла. Астында мәңгiлiк алау жа­нып тұр. Бұл - «Отан-Ана» монументi.

Төрт батыр

Тұғырға орнатылған ат үстiндегі қаһарман батыр Есiл жағасында ел ты­ныш­тығын күзеткен сақшыдай қалт етпей тұр. Бұл -  хан Кененiң мүсiнi. Қазақтың соңғы ханы.

Кенесары қазақ даласына өң­меңдей кі­ріп, баса-көктей төр­ге озған озбыр бас­қын­шы­лар­дың, ел тынысын тарылтқан отар­­лау­шылардың ірге бекітіп, ор­нығып қалмауы үшін жан алысып, жан беріскен шайқас жолын таңдап алды. Ел еркіндігін аң­саған сол қа­сиетті жорық жолында шейіт болды.

Қазақ батырларының ерлік дәстүрін дәріптейтін Астана төрін­дегі тағы бір тұғырлы орын - «қазақтың қамал қорғаны» Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр ескерткіші. Ел бірлігі, қазақ жерінің азаттығы жолында алпыс жылдан аса аттан түспей ата жаумен алысқан Бөгенбай Ақшаұлының ұлы сардар ретіндегі қаһармандық тұлғасын сомдаған талай жорықтары туралы жыр-шежірелер ғасырлар бойы ұрпаққа ұлағат болып келеді. Алты Алаш­тың бас сардары, хас батыры Бөген­байдың ата қонысы - Астана іргесіндегі Ереймен өңірі. Сондықтан бұл маңдағы ел мен жер тарихында батырға қатысты айтылатын деректер де мол.

Халық қаһарманы, қазақтың біртуар перзенті Бауыржан Мо­­мышұлына деген ұрпақ сүйіс­пен­шілігі шексіз. Астана қала­сындағы батыр есімімен аталатын даңғылдың бойына орнатылған Бауыр­жан Момышұлының ескерт­кіші де сол сүйіспеншілік белгісі.

Баукең жүрген жолмен он жеті жасын­да жасанған жауға жасындай тиіп, он то­ғыз жасында аққан жұлдыздай қыршын кеткен Әлияның да мәңгі өшпес ерлігін Же­ңіс даңғылының бойындағы ескерткіші асқақтата түскен.  Бас­­­қыншыларға қарсы болған бостандық шайқасында қасық қа­нын қиған Шығыс жұлдызы қазақ қыз­да­ры­ның қайсарлығын тағы да дә­лелдеп еді.

Күй күмбірлетіп, жыр тасытқан...

Көзі тірісінде сәтсiздеу сом­далған Абай ескерткiшiне көңiлi толмаған көрнектi ғалым Рымғали Нұрғали: «Еңселi елiмiздiң елдiгiн айқындайтын Абай ескерткiшi елорданың төрiнде тұруы керек», деген едi. Ғалымның арманы орындалып, алты жыл бұрынғы Астана күнi қарсаңында Абай және Бейбiтшiлiк көшелерiнiң қиылысынан көрген жанның көзi сүйсiнетiн ескерткiш бой көтердi. Ұлы ақын тұғырының жанында талай ақын жыр оқыды. Деректi және көркем шығармалардан үзiндiлер тыңдалды. Талай баспагер кiтап көрмесiн ұйымдастырды. Ақынның туған күніне орай өтетін жыл сайынғы Абай оқулары да осы жерде қорытындыланды.

Қолына қасиетті қара домбы­расын ұстап, кең шапанының өңірін ашып, ыстық құшағымен алып даланы құшқалы тұрған қарт жыраудың елордадағы қола мүсінінің жалпы биіктігі он екі метр­ден асады. Қасиетті сөзімен елін сүйіп, Алатаудың селіндей ағынды жырларымен жеріне қорған бола білген Жамбыл-жырдың қасиеті Астана төрінде асқақтап тұрғандай.

ХІХ ғасырда өмір сүріп, ға­жайып туындыларды өмірге әкелген дәулескер күйші Құр­манғазы Сағырбайұлының «Сары­арқа» күйі бүкіл дүниені шарлап, қазақтың музыкасын әлемге паш еткен. Ұлы күйшінің есімін ұлықтау мақсатында бірнеше көшеге, мәдениет үйіне, театрға аты да берілді. Атақты күйші­нің ескерткіші Сарыарқаның дәл төсіндегі самаладай шаһардың Сарыарқа даңғылына да ор­наласқан.

Астанадағы күйші ескерткіші туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былай деген: «Халқымызда осы домбыраға жан беріп, қу тақтайдың көмейіне күллі қазақтың рухын сыйғызған талай дәулескерлер өткен. Олардың бірі әрі бірегейі - ұлы күйші Құрманғазы. Оның «Сарыарқа», «Адай», «Қайран шешем», «Балбырауын», «Кішкентай» күйлері әр қазақтың жадында болса керек. Қазақ барда, күй құдіреті Құрманғазының есімі еш өшпейді. Оның күйіне арқау болған Сарыарқа, ұлы даламыз да бүгінде әлемге танылды».

Құрманғазы - аңызға айналған тұлға, халықтың «Күй атасы» деп әспеттеуі де сондықтан.

Бұл - Астанадағы ескерткіштердің бірегейлері. Әйтпесе, елордадағы тастұғырлардың саны елуге жақын. Бәрі де тарихты тарқатады, шежіреден сыр шертеді, елдігімізді екшейді, азаттығымызды айғақтайды, ұрпақ үнін естіртеді. Бәрінен де тағылым мен тәлім аламыз. Осындай мұрамыз бен жәдігеріміз барда өткеніміз өшпек емес, болашағымыздан да алғыс естірміз. Тек жалғасын тапқай деңіз...

Хабарламаларға жазылу