Түркістанда түз тағысы төрт түлікке шауып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда түз тағысы төрт түлікке шауып жатыр

06.02.2024

Түркістан облысының Отырар ауданында халық түз тағысынан зардап шегіп отыр. Әсіресе, шибөрілер төрт ауылдық округ тұрғындарын тығырыққа тіреген. Жыртқыштар қорадағы төрт түлікке ауыз сала бастаған. Ал қасқыр жүретін аумақ ұлттық паркке қарасты болғандықтан, атуға рұқсат жоқ. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

Түз тағылары қорадағы төрт түлікке шаба бастаған. Құлын мен бұзауға қырғидай тиіп, тайлардың қарнын жарып кетеді, - дейді ауыл тұрғындары.

Сейілхан Ерназаровтың шаруашылығында мал саны күннен күнге азайып барады. Төрт түлікке бөрі маза бермейді.

Сейілхан Ерназаров, Көкмардан ауылының тұрғыны:

Екі күн бұрын екеуін бірден жеп кетті, прям қорамыздың алдынан жеп кетіп жатыр. Қара малдан 15-20 шақтысын жеп қойды ғой биылдыққа.

Ал жыртқыштарды атайын десе, рұқсат жоқ. Себебі, қасқыр жүретін аумақ ұлттық паркке қарайды.

Бағдәулет Таңатұлы, облыстық табиғат қорғау басқармасы орманды қорғау және күзету бөлімінің маманы:

Қасқыр атуға болмайды. Ол табиғаттың несі ғой. Қасқыр атып жатса, енді біз орман заңдылықтарын бұзу бойынша хаттама толтырып, әкімшілік жауапкершілікке тартамыз.
Ал аудан басшылығы түз тағысы мен шибөрілердің қаптап кеткенін растап отыр. Қазір жеті ауылдық округте көкжалдарға жем болған төрт түлік саналып жатыр.

Ержан Оралбай, Отырар ауданы әкімінің орынбасары:

Қазіргі таңда 100 шақты малды қасқыр мен шибөрі жеп қойды деген мәлімет түсті. Жергілікті органның құзыретіне кірмейтін болғандықтан, біз облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына хат жолдадық.
Бұл мәселе тезірек шешімін таппаса, мәселе ушығып кетуі мүмкін. Түз тағысы адамға шабуы ықтимал. Сондықтан уақыт оздырмай қасқырды ататын арнайы мамандар шақыртылса, - дейді жергілікті жұрт.


Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу