Таразда көпқабатты үйлер жарты ғасыр жөндеу көрмеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда көпқабатты үйлер жарты ғасыр жөндеу көрмеген

07.02.2024

Қабырғасы қақырап, жертөлесіне су жайылған. Тараздағы 4-ші шағын аудан тұрғындары жарты ғасыр бойы жөндеу көрмеген көпқабатты үйлерде тұрады. Бұл нысандар кеңестік кезеңде жатақхана ретінде салынған. 64 және 68 пәтерлі баспанада әлеуметтік аз қамтылған отбасылар тұрады. Бұқара өркениеттен жұрдаймыз деп жыларман. Айтуларынша, жертөлені жайлаған кәріз суынан баспаналары бүлінген. «Қабырғасы үгіліп, жарық желілері де үзілген. Жылуға да жарымай келеміз»,- дейді. Осыдан 13 жыл бұрын тек шатыры мен жертөлесі жөнделген. Алайда, атүсті атқарылған жұмыс үшін әр пәтер 7 жыл бойы 25 мың теңгедей төледік деп отыр. Енді қараусыз қалдық деген тұрғындар, қала әкімдігі күрделі жөндеу жұмыстарын қайта жүргізуін талап етті.

Ләззәт Өмірбекова, қала тұрғыны:

Әшейін жертөлесін істеген күрделі жөндеу, ештеңе болмаған. Сол үшін біз 7 жыл ақшасын төлеп отырдық. Жылу жүйесі мүлде жоқ деп айтсақ болады, көбісінің стоягы істемей жатыр. Несиеге болса да ремонтымызды жасап берсе, анаусын 7 жыл төледік қой, мынаны да төлейміз деп отырмыз.

Бақытжан Жамбай, қала тұрғыны:

Аязда электрлі тоқ пеш қосамыз. 1990 жыл емес бұл үй бар, соғыста бомба түскен, сондай тастанды үй сияқты ғой.

Ал әкімдік үйлердің бүгінгі күйге жетуін бұқараның өзінен көреді. Бұған дейін атқамінерлер «Меншік иелері бірлестігін» құру туралы ұсыныс айтқан. Бірақ тұрғындар тарапынан белсенділік болмапты. Ал арнайы бірлестік құрылмаса, мемлекет тарапынан қаржы бөлінбейтінін жеткізді. Өйткені «Қайта жаңғырту» бағдарлама аясында бөлінетін қаражат қайтарымды болатындықтан, барлық тұрғын бөліп төлеуі тиіс.

Қайрат Исмаил, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

Халық егер басым бөлігі мына талапқа сәйкес қолдайтын болса онда біз жөндеу жұмыстарын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргіземіз. Бір 70-80 миллион теңге аясында қаражат шығындалады деп ойлаймын.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу