Президент: Су министрлігі ойдағыдай нәтиже берген жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Су министрлігі ойдағыдай нәтиже берген жоқ

07.02.2024

Биыл да құрғақшылық болуы мүмкін. Президент жиында ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерді айта келіп, су тапшылығына ерекше тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан құрылған су ресурстары министрлігінің жұмысына көңілі толмайтынын айтып, жағдай расында өте күрделі екенін ескертті. Жауаптыларға жаппай үнемдеу технологияларын енгізуді тапсырды. Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы саласында кешенді реформа жасалатынын айтып қалды.
 
Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Өткен жаз Жамбылдағы диқандар үшін қиынға соқты. Құрғақшылық қыспаққа алып, 9 мың гектарға егілген өнім қурап қалды. Алты ауданда төтенше жағдай жариялауға тура келген. Сол сәтте облыс әкімі болған Нұржан Нұржігітов кейін су жаңа министрліктің тізгінін ұстады. Президент бүгін оның жұмысын сынға алып, көрші елдердің тәжірибесін үйрену керек деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Арнайы құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысы әзірге ойдағыдай нәтиже берген жоқ.Ал көрші мемлекеттер су тапшылығын жою үшін нақты мақсат қойып, белсенді жұмыс істеп жатыр. Ал бізде болса, су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы тек жақында ғана қабылданды. Бұл құжат тым ұзақ талқыланды. Мысалы, еліміздегі суармалы жердің 13 пайызында ғана су үнемдеу технологиясы бар. Әсіресе, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы жағдай мүшкіл, құрғақшылық қаупі аса жоғары.
Сондықтан суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, үнемдейтін технологияны енгізу қажет. Оңтүстік аймақта биыл мақта мен күріш алқабы азаймақ.

Ермұхамет Құралбеков Түркістан облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

Рентабельділігі жоғары дәндік жүгері және мал азық дақылдарын әртараптандыру жұмыстарын жүргізілуде.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА АУҚЫМДЫ РЕФОРМА ҚАЖЕТ

Жалпы агро саланы ауқымды реформа күтіп тұр. Қомақты қаржы құйылмақ. Көктемгі егіске және күзгі жиын-терінге 1,5 триллион теңге, инвестициялық жобаларға 800 миллиард теңге бөлінбек. Жеңілдікпен лизинг беру үшін тағы 450 млрд теңге қарастырылып отыр. Сонда әр жыл сайын агро техниканың 10 пайызы жаңарады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Сондай-ақ бірыңғай жер салығын қолдану мәселесін қайта қарастыру қажет. Себебі, іс жүзіне келгенде, біраз түйткіл бар. Негізгі талап – салық төлеуді жеңілдету ғана емес. Ең бастысы, шаруалар жерді тиімді пайдаланып, барынша мол өнім беруге ұмтылуы керек.
БИЫЛ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖОЛДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛАДЫ

Күзде құрылған тағы бір мекеменің бірі көлік министрлігі. Марат Қарабаевқа Қазақстанды Еуразияның логистикалық хабына айналдыру міндеті жүктелген. Алайда әзірге жағдай мәз емес деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Еліміз үшін айрықша маңызды «Астана – Балқаш – Алматы» тас жолы әлі күнге дейін жөнделіп біткен жоқ. Құрылыс 2017 жылдан бері жүріп жатыр. Республикалық маңызы бар «Атырау – Астрахань», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Талдықорған – Өскемен» жолдарының жөнделіп жатқанына 5 жылдан асты. Биыл осы жұмыстар біржола аяқталуға тиіс.
«Талдықорған-Өскемен» жолының аяқталуын Шығыс жұрты асыға күтіп жүр. Оны жөндеуге 161 миллиард теңге бөлінген. Бірақ, Абай облысына қарасты бөлігі бітер емес. Біразы аяқсыз қалған. Тас жолдың жөнделген бөлігінің өзінде мамандар кемшілік көп деп отыр.

Фурхат Жоланов, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Абай облысы бойынша филиалының директоры:

Бүгінгі күнге дейін 397 жол құрылыс материалы алынды. Оның ішінде енді 28 проценті нормативтік құжатқа сәйкес келмейді. Маусым басталған кезде сол кемшіліктер, ақаулықтар бойынша қайта сол жұмыстарды тексеріп өтеміз.
Әдетте бұндай ірі жобалардың құрылысын шетелдік компаниялар ұтып алады. Президент енді бұндай әдетті қойып, отандық жол мамандарына сенім арту керек деді.
Теміржолда да мәселе аз емес. Тездетіп вагондарды жаңарту қажет. Контейнерлер тапшы. Алдағы 5 жылда 1300 шақырым теміржол желісін салу керек. Президент жауаптылардан көп ұзатпай нақты нәтиже күтетінін айтты.


Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу