Ақмола облысында жылқылар арам өліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында жылқылар арам өліп жатыр

07.02.2024

Ақмола облысында жылқылар арам өліп жатыр. Әлі де көтерем болған көп жылқы көктемге жетпеуі мүмкін. Себебі, түлік төресі тебіндейтін жайылымы көк мұз басқан. Оған қоса, биыл қар да қалың түсті. Жығылғанға жұдырық демекші, өңірде мал азығы да қымбаттап кеткен. Оны жеткізе алмай қиналған ауыл халқы Үкіметтен көмек болмаса, жылқылар қыстан аман шыға алмайды,- деп отыр.

Алпысты алқымдаған Амантай Байдалин жайылымда азық іздеп, тілерсегі қиылған жылқыларын қораға қамап қойыпты. Қазір қолда бар шөпті үнемдеп беріп отыр. Басқа амал жоқ. Қалың қар мен көк мұзда тебіндей алмаған жануарлар әбден әлсіреген. Мал қолға келген күннің ертесіне жабағысы құлап, арам өліпті.

Амантай Байдалин, Қонысбай ауылының тұрғыны:

Бір күн тұрды. Таңертең тұрсам, құлап қалыпты. Көтереміз. Бір күн тұрады да, тағы құлайды.Енді үшінші күні қарасам, өліп қалыпты. Қар қалың, асты мұз. Кеше жылқышылар айтып жатыр. Омыраудан келеді,- дейді.

Жылқышылардың да амалы таусылған көрінеді. Тебінде іліп-алар азық болмағандықтан, жануарларды ауылға айдап, иелеріне тапсырған.

Тайлақ Оспанов, жылқышы:

Мал жүдеп, құлап жатыр далада. Құлын тастап, мынау, жабағылар далада өліп жатыр. Шамалы, азын-аулақ жылқы қалды. Сол енді жағдайлары келмейтіндердікін далада бағып жүрміз әлі.

Онымен қоймай, өңірде мал азығы да қымбаттап кеткен. Күз айларында 12-13 мың тұрған шөптің бір орамы қазір 20 мың теңгеден саудаланып жатыр. Ашынған жұрт алмайын десе, амалы жоқ.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Қазір тай, жабағы да, ірі жылқылар да қорада тұр. Азық таба алмағандықтан әбден арықтап кеткен. Ауыл тұрғындары қымбат болса да, шем-шөп сатып алып, амалдап отыр. Оның сапасы да төмен,-дейді олар.

Ал кейбіреулері қорадағы малын арзанға сатып, соғымға өткізуге кіріскен. Себебі, жылқының азығы, бағасынан қымбат. Оның қыстан аман шығуы да неғайбыл. Жергілікті билік өкілдері де мәселеден хабардар.

Қасым Итқұсов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

Ақкөл, Астрахан, Атбасар сынды бірнеше аудандардың тұрғындарынан тебінде жүрген жылқылардың азық таба алмай, қолға келіп жатқандығы туралы хабарламалар келді. Жағдайды бақылап отырмыз. Зеренді ауданының әкімдігі кейбір ауылдарға сабан, дизель отының жеткізіп, беріп жатыр. Сондай-ақ, қазір біз ағаш баурайларында қатып қалған қарды жұқартып жатырмыз.

Қазіргі таңда нақты қанша бас жылқының арам өлгені белгісіз. Дегенмен, әлеуметтік желілерде көк мұзда тебіндей алмай, әлсіреп, әр жерде құлаған жануарлардың бейнежазбалары тарап кеткен.


Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу