Былтыр кәсіпкерлерге 500 миллион теңгеден астам айыппұл заңсыз салынған. Сенатор Андрей Лукин Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, негізсіз тексерістің кесірінен 14 мың бизнеске негізсіз тыйым салынған. Қазір ол өз күшін жойды. 4,5 мың айыппұл кері қайтарылды. «Ал заң талаптарын бұзған мемлекеттік орган өкілдері жеңіл жазамен құтылған», - дейді сенатор. 680 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 121 қызметші әкімшілік жазаға тартылған.
Андрей Лукин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Әскери қызметшілер, арнаулы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері жалпы негіздерде әкімшілік жауаптылықта болатын құқық бұзушылықтар тізбесіне кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуды енгізу бөлігіне түзетулер енгізілуі тиіс. Егер оларда қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, заңды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға кедергі келтіруге байланысты іс-әрекеттер үшін жауаптылық көзделсін.