Тараздың негізгі көшелерінде жол таңбаларын сызу талаптары сақталмай отыр. КСМ: Осылай деген көлік жүргізушілер екі жолақты тиым салу сызықтары төрт қатар болып түскенін айтады. Әсіресе қаланың қақ орталығындағы қос жолақты таңбалар бейберекет сызылған. Тұрғындар екі жолақты жолдардың ережеге сай болмауын жаңасы төселіп, ескісі жойылмағаннан деп отыр. Сондықтан сызықтардың саны көбейген. Ал бұл көлік иелерін жиі шатастырады. Жүргізушілер жол үстінде қай бағытқа бұрылу керектігін түсінбей қалатынын айтады. Әсіресе жаңбырлы күндері ескі мен жаңа таңбаны айыру қиын.
Қуан Төлегенов, қала тұрғыны:
Екі жолақты қабат сызылғаннан кейін, қандай да болсын қарапайым халыққа қиындау туады. 45 жылдан бері жүргізуші болсақ та біздің өзіміз ондай кезде қателесіп, жаза басып қалсақ айыппұл дейді.
Әбілғазы Әбішев, қала тұрғыны:
Мынау жолақты дұрыстап істеу керек. Мынау Абай көшесі, Төле биің бар, Қонаев көшесінде де бар мысалы. Шағын аудандарда да бар, шатасасың! +Мұны әкімшілік пен ГАИ-лар бірігіп істеу керек.
Ал әкімшілік полиция басқармасы жол таңбаларына қатысты техникалық талаптардың бұзылғанын жоққа шығармады. Олқылыққа жол берген Тараз қаласы әкімдігі дейді. Өйткені қала билігі 2 жылдан бері жол таңбаларын жаңарта алмай отыр. Сызықтардың уақытылы сызылмауына тендерге түскен компаниялардың бір-бірімен соттасуы себеп. Салдарынан жол белгілеріне қатысты ақаулар пайда болған. Бұлай жалғаса берсе, алда қала әкімінің өзіне әкімшілік айыппұл салынады. Жалпы Таразда 1445 көше 56 мың шаршы метр жол таңбаларымен қамтылған.
Жайдарбек Құттыбаев, облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы:
29 тексеріс жүргіздік. Соның ішінде 615 ақау табылды. Оның 8 нұсқамасы орындалды, әлі тағы 21 нұсқама орындалған жоқ. Сол себепті біз Тараз қалалық әкімшіліктегі 10 лауазымды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тарттық. 10 АЕК айыппұл салынды.
Данияр Әлімқұл