Келер жылы Менделеев кестесінің 120-шы элементі шығарылуы мүмкін. Оған қазақ ғалымдары да үлес қосуда. Мәскеу облысында орналасқан Біріккен ядролық зерттеулер институтында отандастарымыз түрлі зерттеу жүргізіп, еңбек етуде.
Біріккен ядролық зерттеулер институты – 70 жылдық тарихы бар халықаралық ғылыми орталық. Бүгінде мұнда 16 елдің ғалымы зерттеулер өткізеді. Олардың ішінде 100-ден астам қазақстандық ғалым еңбек етеді.
Дастан Ибадуллаев, ядролық реакциялар зертханасының ғылыми зерттеушісі:
Қазір біз жаңа үдеткіштің көмегімен эксперименттер өткізіп жатырмыз. Жаңа үдеткіш бізге жаңа ауыр иондар бере алады. Теоретиктердің айтуы бойынша, бір айда бір бөлшек келуі мүмкін сол экспериментпен. Келесі жылы 120 элемементпен шығайын деп жатырмыз.
Менделеев кестесіндегі соңғы 6 элемент осы институтта ашылған. Зерттеу орталығы элементтерді жылдар бойы бақылап келеді. Институттың барлық 7 зертханасында қазақстандық физиктер өзге де жобаларын іске асырып жатыр. Мәселен, жас ғалым Ерсұлтан Арынбектің зерттеу жұмысы мидағы деменцияға тікелей қатысты аурулармен байланысты.
Ерсұлтан Арынбек, Біріккен ядролық зерттеулер институтының кіші ғылыми қызметкер:
Атап айтатын болсақ, Альцгеймер, Паркинсон сияқты біршама аурулардың негізгі фундаментальді механизмдері. Біз ол жердегі липидтер мен ақуыздардың өзара қалай байланысатынын, немесе өзара басқа да сыртқы клеткаларға, жасушаларға қалай әсер ететінін зерттейміз.
Маман зерттеулердің нәтижесінде ауруды уақытша тоқтатуға, немесе мүлдем алдын алуға мүмкіндік беретін механизмдерді анықтамақ.
Индира Бегайдар