Қарағанды облысында оқушылар жылдар бойы радиация ошағында оқып келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында оқушылар жылдар бойы радиация ошағында оқып келген

09.02.2024

Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Ақшатау кентінің оқушылары жылдар бойы радиация ошағында оқып келген. Ескі шахта жарықтарынан тараған радон білім ошағының жертөлесіне, ауылдың ауасына жайылып, қауіп төндіреді дейді мамандар. Биыл радиацияның алдын алу жұмыстары басталды. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы кенттегі экологиялық ахуалды баяндасын.

Ақшатауда 60 жыл бойы вольфрам мен молибден өндіріп, кейін жабылып қалған кен орнының зияны әлі бар. Себебі, шахтаның жерасты тиктоникалық жарықтарынан ауаға радон тараған. Бұл өте қауіпті радиоактивті элемент. Мамандардың айтуынша, тұрғын үйлер мен ғимараттарда оның мөлшері 200, ал далада 100 беккерелден аспауы тиіс. Алайда жүргізілген дозиметриялық өлшемдер зиянды заттың 2-3 есеге көп екенін көрсеткен.

Айгүл Шәтекова, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми өкілі:

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жергілікті бөлім мамандары ол жерді назарда ұстауда. Әр тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп тұрады. Мектепте сабақтарды өткізуге, оқуға рұқсат берілген. Себебі 2-ші қабатта радон мөлшері шамадан тыс емес, нормаға сәйкес.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Ақшатау мектебінің жертөлесінде мынадай қондырғылар болған. Бұл ауаны желдетіп қана қоймай, қыздырып, едендерді де жылытатын. Алайда қондырғылар әлдеқашан істен шыққан. Салдарынан жертөледе радон газы шоғырланып жоғарыға тарайды екен.

Осыны ескерген санитариялық-эпидемиолог мамандар мектептің бірінші қабатында сабақ өткізбеуді ұсынған. Әсіресе қыста есік-терезе жабылғанда улы газ мөлшері тым көбейіп кетеді екен. Сондықтан қазір біраз кабинет жабық тұр. Биыл радиацияның алдын-алу жұмыстары басталады.

Гүлнәр Әжікеева, Ш.Уәлиханов атындағы мектептің директоры:

Былтырғы жылдан бері бізде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Зерттеу жұмыстары жүргізіліп, соның негізінде бізде үлкен ремонт жұмысы өткізіледі. Балалардың толық қауіпсіздігі сақталуда.

Осылайша, жылдар бойы қордаланған мәселе биыл ғана шешіле бастады. Мамандар білім ошағы ғимаратына 50 жерден арнайы құралдар қойып, радиация мөлшерін нақтылаған.

 Елдос Смағұл, Шет ауданы білім бөлімінің басшысы:

Радонның мөлшері кабинеттерде, асханада, спорт залында, жертөледе, дәліздерде қанша екені толық зерттеліп, сараптама қорытындысын берді. Сараптама жасалған сметалық құжаты бар. Бұл 560 миллион теңгеге шығып тұр. Биыл 2024 жылы соның 60 миллионы бөлінді. Сол қаражатпен алғашқы жұмысты бастағалы отырмыз.

Кентте қазір 700-ден астам тұрғын бар. Радиация салдарынан қатерлі ісік, өзге де аурулар белең алуы мүмкін. Сондықтан ауа мен су үнемі бақылауда ұсталуы тиіс.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу