Ардагер журналист Жанұзақ Аязбеков 70 жасқа толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ардагер журналист Жанұзақ Аязбеков 70 жасқа толды

10.02.2024

Ұлт журналистикасының дамуына үлес қосқан тұлғаның әдеби жинағы жалғасын табады. Бальзак неге жылады? деп қазақ прозасына тың серпін әкелген телевизия ардагері Жанұзақ Аязбеков, ұрпаққа рухани азық болатын тағы бірнеше кітап шығармақшы. Өмір бойы қолынан қаламы түспеген ардагер журналист жайлы үзік сыр.

Жанұзақ Аязбеков Жамбыл облысы Талас ауданының тумасы. 1977 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған соң, еңбек жолын Қостанай облыстық радиосында бастады. 1991 жылы ашылған жергілікті телеарнаның негізін қалаушылардың бірі. Осында жүргенде бірнеше лек қазақтілді тележурналистерді тәрбиелеп шығарды.

Абылай Мауданов, ақын, журналист:

Жанұзақ ағаның шекпенінен шыққан буын өкілдері республиканың қай арнасына барса да, бірден жұмысқа қабылданып, кәсіби деңгейі жоғары бағаланып жатады. Өзін осы мамандыққа лайықты көрсете біледі. Бұл о кісінің аймақтағы тележурналистиканың дамуына септігін тигізгенінің дәлелі.

2014 жылы Жанұзақ Аязбеков телеарна директорының орынбасарлығынан облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы қызметіне ауысты. Осы жерден зейнетке шықты. Журналистиканың қым-қуыт тірлігінің арасында әдеби шығармалар жазуға да уақыт тапты. Проза, әдеби сын жанрындағы 5 кітаптың авторы.

Еркін Таңатқанұлы, - «Абай» телеарнасының директоры:

 «Бальзак неге жылады?» деген үлкен әдеби зерттеу, сыны шықты. Сол бір әдеби зерттеудің өзінен-ақ ол кісінің әдебиетті өте терең білетінін, білімділігін аңғаруға болады.

 «Бальзак неге жылады?» деген атаумен кейін әдеби сын жинағы жарық көрді. Осы кітабы үшін қаламгер 2021 жылы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Ұзақ жылдық еңбек жолында алған марапаты да аз емес. Ардагер сондықтан өзін еңбегі еленген армансыз жанмын деп есептейді.

Жанұзақ Аязбеков, ардагер журналист:

Өйткені мен қарапайым тілішіліктен журналистикадағы лауазымды қызметтерді атқардым. Соған лайықты маған берілген атағы да, басқасы да бар. Бірақ негізгі атақ ең алдымен – халықтың сені құрметтегені. Еңбегіңе берген бағасы.

Дәл бүгін жетпіс жасқа толған қарт қаламгер әлі де қолынан қаламын тастаған жоқ. Естелік, әдеби сын жанрында бірнеше кітап шығаруды жоспарлап отыр. Себебі ол журналистің жұмысы өмір бойы жалғасады деп есептейді.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу