Қарағандылық прокурорлар 400-ден астам азаматтың үй кезегінде заңсыз тұрғанын анықтады. Тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұрған 33 мың азаматтың 454-і мемлекеттен баспана берілуі тиіс топқа жатпайды. Барлығы кезектен алынды. Сонымен қатар тұрғылықты ауданы заң талаптарына сәйкес келмейтін пәтерлер анықталған. Тағы иесі жоқ 78 пәтерді коммуналдық меншікке қабылдау шаралары жүргізіліп жатыр. Азаматтардың жалға берілген тұрғын үйлерге төлемдер бойынша қарыздары 20 миллион теңгеге жеткен. Қазір бұл бойынша сотқа талап-арыздар берілді.
Ерлан Түсіпов, облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры:
50 адамға заң талаптарына сәйкес келмейтін пәтерлер берілген. Иесіз 78 тұрғын үйді коммуналдық меншікке қабылдау шаралары жүргізілуде. Ақтоғай ауданында мұқтаж азаматтарға жағдайы өрт және санитарлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін 4 тұрғын үй сатып алынған. Осы ауданда электр қуатына қосылмаған 2 тұрғын үй сатып алынған. Шахтинск қаласында тұрғын үйді жалға беру шартын заңды деп тану туралы жалған сот шешімінің негізінде пәтерді жекешелендіріп алған. Қазір қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Руслан Нұрланұлы