Абай облысында мемлекет қолдауымен шағын және орта бизнес дамып келді. Өткен жылы 340 жоба қаржыландырылған. Тың бизнес идея ұсынып қайтарымсыз грант иеленгендер де көбейді. Әсіресе ауылды жерде түрлі кәсіп ашып өз ісін дөңгелетіп отырғандардың қатары артқан.
Қалбатау ауылының тұрғыны Думан Бейсенбекұлы кәсібін аяқ киім жөндейтін шағын шеберханадан бастаған. Өткен жылы мемлекеттен 5 миллион теңге қайтарымсыз грант алып, өндіріске бет бұрды. Қазір отандық шикізатты пайдаланып таза былғарыдан аяқ киімнің түр-түрін дайындайды. Сапалы өніміне сұраныс жоғары. Бірнеше ауылдасын жұмыспен қамтып отыр.
Думан Бейсенбек, шебер:
Жаңағы қытайдың аяқ киімдеріне қарағанда біздің өзіміздің қолдан тіккен аяқ киімдер жылы болады. Қазір 10 түрі бар. Әрі қарай көбейтемін деген ойымда бар.Оншақты кісі алып, үлкенірек шеберхана ашсам деген ойымда бар.
Үржарлық Қанат Иманбай болса бір жарым жылдан бері құс шаруашылығымен шұғылданады. Ет бағытындағы тауықтарды инкубатордан шығарып, өсіріп саудалап отыр. Кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама арқылы 1,5 миллион теңге көлемінде қаржы алған. Аз ғана қаражатты мақсатты жұмсап, мол табысқа кенелдім дейді. Сұраныс көп болғандықтан, өнім көлемін арттырмақ.
Қанат Иманбай, кәсіпкер:
Ай сайынғы тұтыну көлемі 200-250 бас. Ал қалғаны бізге қалаға өтіп жатыр. Қазіргі уақытта біз 100 бас қалаға жіберіп жатармыз. Алдағы уақытта 400-500 бас жіберуді жоспарлап отырмыз.
Мамандар да өңірде орта және шағын кәсіпкерлік қарқынды дамып келе жатқандығын айтады. Бұл салада 105 мыңға жуық адам еңбек етеді. Өткен жылы аймақта 300 ден астам жобаға 24 миллиард теңге субсидия бөлінген.
Айбек Рахымбеко, облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
Өткен жылы қайтарымсыз грантқа 100 миллион теңге бөлінді. Облыстағы 22 кәсіпкер мемлекеттің қолдауына ие болды. Гранттар негізінен инновациялық идеяларды жүзеге асыру үшін беріледі.
Түрлі тың жобаларды ұсынған кәсіпкердің саны артқан сайын, оларға берілетін қайтарымсыз гранттың көлемі де ұлғайып келеді. Биыл бұл мақсатқа 130 миллион теңге бөлінбек.
Ержан Жақып