Биыл Алматыда 5,5 балдан жоғары жер сілкінісі болмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Алматыда 5,5 балдан жоғары жер сілкінісі болмайды

12.02.2024

Биыл Алматыда 5,5 балдан жоғары жер сілкінісі болмайды. Сейсмикалық ахуалды бағалау жөніндегі комиссия бір жылдық бағалау нәтижесін жариялады.

Сарапшылардың сөзінше, бұл қауіп жоқ деген сөз емес. Себебі, Алматы қаласы тау бөктерінде орналасқандықтан сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Сондықтан, мамандар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтап, үрейге бой алдырмауға шақырады.

Дәулет Сәрсенбаев, сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының директоры:

Өткен аптада ғана сейсмикалық ахуалды бақылаудың нәтижесі дайын болды. Біздің мамандардың қорытындысы және бірнеше ғылыми бағыттардың деректері бойынша, 70 пайыздық ықтималдықпен 2024 жылы елімізде күшті жер сілкінісі күтілмейді. Сондай-ақ, Алматы өңірінде магнитудасы 5.5 балдан асатын зілзала болмайды. Біз бірнеше ғылыми негіздемелерге сүйеніп отырмыз. Жер қыртысындағы 200-ге жуық процестерді зерттедік.

Айта кетсем, 23 қаңтарға қараған түні болған жер сілкінісінен кейін сейсмологтар жақын арада күшті жерасты дүмпуі қайталанбайды деп мәлімдеген болатын. Бұл жолы да мамандар, 14 ақпаннан кейін жойқын зілзала болады деген сәуегейлердің сөзіне сенбей, осы сала мамандарының айтқанын тыңдауға шақырды. Ал, полиция жалған ақпарат таратқандарға жаза қарастырылғанын ескертеді.


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу