Адам құқықтары бойынша әлемге әркез өнеге көрсетуге тырысатын АҚШ өлім жазасы әлі күнге белсенді қолданады. Тіпті жаңа әдістерді іске қоса бастады. Жақында бір қылмыскерді азотпен тұншықтыру арқылы өлім жазасына бұйырды. Ақыштың бұл әрекетін БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі бас комиссары сынға алды.
Әлем жұртын елең еткізген өлім жазасы Алабама штатында жүзеге асты. 1988 жылы күйеуінің тапсырысы арқылы Элизабет Сеннет есімді әйелді өлтіргені үшін Кеннет Смитке ең ауыр үкім кесілген еді. Штат 2022 жылы оны улы иньекция арқылы өлім жазасына кеспек болған. Алайда, мамандар дер кезінде инені тамырына сала алмай, мүлт кетіп, үкімді орындауға берілген мерзім бітіп қалады. Бұдан кейін штат сотталушыны жаңа тәсіл -азотпен тұншықтыртып өлтіруге шешім қабылдайды. Бұған қарсылық білдірген Смиттің қорғаушылары Жоғарғы сотқа дейін шағым түсіргенімен қолдау таппайды. Нәтижесінде отыз жылдан аса үкімін күткен сотталушыға арнайы маска кигізіліп, он бес минут бойы оттегі орнына азотпен дем алдырады. Салдарынан жазасын өтеуші оттегі жетпей, бірнеше минут ішінде тұншығып көз жұмады. Осылайша әлем бойынша алғаш рет жаңа әдіс арқылы өлім жазасына кесілді.
Стив Маршалл, Алабама штатының бас прокуроры:
Үкімді орындау үшін отыз жылдан аса уақыт кетті. Сондықтан оны Сеннеттің отбасы үшін әділдік орнады деп айтудың өзі қиын. Сол себепті де анасын жоғалтып, әділдікті жылдар бойы күткен отбасыдан кешірім сұраймын. Ондаған жыл жүйені алдап-арбауға тырысқанымен Смит ақыр соңында қорқынышты қылмыстары үшін жауапқа тартылды.
Штат прокуроры азотпен тұншықтырып өлтіруді ізгі әдіс деп мәлімдеді. Алайда, бұл ұстаныммен БҰҰ-ның өкілдері келіспейді. Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссар халықаралық құқыққа сәйкес жаңа тәсіл азаптау және қатыгез қарым-қатынас жасау іс әрекетімен парапар деп сынға алды.
Равина Шамдасани, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі басқармасының өкілі:
Бұл тәсіл арқылы сотталушы жан тапсырғанша 25 минутқа дейін кеткені айтылады. Бұл уақыт аралығында ол анық азап шегеді. Сыналмаған әдістерді іздеуден гөрі, өлім жазасын мүлдем алып тастау керек. Бұл XXI ғасырға жат, анахронизм. Өлім жазасы қылмысты тежейді дейтіндей ешқандай дәлел жоқ. Ал, керісінше сот төрелігінде қателік, өлім жазасын қолдану кезінде кемсітушілік көп.
Жалпы, АҚШ өлім жазасын ең көп қолданатын алғашқы он мемлекеттің қатарында. Сомали, Ирак секілді елдердің тұсында тұр. Былтырдың өзінде жиырма үш адам осы ауыр жазаға тартылған. Қазір осындай үкім кесілген 2,5 мыңдай адам бар. Десе де елдегі елу штаттың тек оны ғана ең қатаң шараны іс жүзінде қолданады. заң бойынша өлім жазасының бес түрі қаралған. Ату, дарға асу, электр орындығын не газ камерасын пайдалану және өлім иньекциясын салу. Штаттар әсіресе соңғысына жиі жүгінеді. Алайда, оның да кемшілектері аз емес. Кейде Кеннет Смит секілді үкім кесілген адамдар аман қалып, соңы дауға ұласып жатады.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Оның үстіне фармацевтикалық компаниялар өз репутациясын сақтау үшін мұндай улы екпелерді сатпауға тырысады. Алабама шатының азот арқылы тұншықтырып өлтіру әдісін алғаш рет іске асырағаны да содан. Медицина мамандары мен адам құқықтары жөніндегі ұйымдардың қатаң сынына ұшыраса да бұл тәсілді.
Жалғас Сәдібекұлы