Алматыда үш автобус жол апатына түсті. Апат салдарынан 17 адам зардап шекті. Қазір үш адам ауруханада жатыр. Жалпы түске дейін 12 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Ауа райының күрт құбылуына байланысты синоптиктер қала тұрғындары мен қонақтарын жолда аса сақ болуға және тауға шықпауға шақырып отыр.
Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 17 адамның 14-і ауруханаға жеткізілген. Медициналық тексеруден кейін 10 адам үйіне қайтарылса, бір адам бөлімшеге жатудан бас тартқан. Ал, қалғандарының жағдайы орташа ауыр дейді дәрігерлер. Оларға мидың шайқалуы және бассүйек жарақаты диагнозы қойылды.
Ермек Желдібаев, қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы директорының орынбасары:
Үш науқас профильдік бөлімшелерге жатқызылды. Бір науқас ауруханаға жатудан бас тартты. Жатқызылған 3 науқастың жағдайлары орташа ауырлықта. Тиісті көмектің барлығын қабылдап жатыр. Әртүрлі жарақаттар. Және жаралар.
Қазір осы іс бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы тергеуді бастаған. Оқиғаның мән-жайы анықталған соң, кінәлілер жауапқа тартылады.
Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:
Авто техникалық сараптама тағайындалады. Жәбірленушілердің дене жарақаттарының ауырлық деңгейін көзбен өлшеп белгілей алмаймыз. Ол үшін сот медициналық сараптама тағайындалады. Осы кешенді жұмыс жүргізілгеннен кейін істің қай бағытта тергелетіні анық болады.
Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қалада көктайғақ кезінде тұрғындарды сақ болуға шақырады. Әсіресе, жаяу жүргіншілерге қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, жол жиегіне жақын жүрмеуге кеңес береді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы әзірге қанша адамның тайып құлап жарақат алғанын айта алмай отыр. Ал, Қазгидромет мамандары қала ішінде жауған қардың қалыңдығы 10 сантиметрге жетсе, таулы жерлерде 15-тен асқанын айтады.
Әлемгер Қабдіқадіров, «Қазгидромет» РМК Алматы қаласы және алматы облысы филиалы гидрология бөлімінің басшысы:
Бүгін түнде сағат 12-ден кеткеннен кейін Қазгидромет филиалы Алматы қаласы бойынша дауылды ескерту берді, қар көшкіні қауіпі туралы. Соған байланысты 2024 жылдың 13-14 ақпан аралығында Кіші және Үлкен Алматы өзендерінің бассейндерінде жауын-шашын мен тұрақсыз қар жағдайына байланысты қар көшкіні жүруі мүмкін.
Мамандар қазір таулы аймақта қар жамылғысының тұрақсыз екенін айтады. Сол себепті «Аюсай» бөгетінен жоғары және «Эдельвейс» көшкін жинау маңына блок бекеттер қойылғанын ескертеді.