Қарағанды облысында соңғы бір айда 200-ге жуық қылмыстық іс тіркелген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында соңғы бір айда 200-ге жуық қылмыстық іс тіркелген

14.02.2024

Қарағанды облысында алаяқтық азаймай тұр. Өңірде соңғы бір айда 200-ге жуық қылмыстық іс тіркелген. Оңай ақшаны олжаға айналдырғандардың қармағына түсікендердің шығынын миллиондап санауға болады. Қарапайым халыққа қанша айтылып жатса да, өтірікке сеніп қалатындар өте көп. Ал алаяқтық істі ашудың өзіндік қиындықтары бар, - дейді полицейлер. Сондықтан профилактикалық жұмысты күшейткен.

Алаяқтарға алданып қалған жандардың бірі Раушан. Әлеуметтік желіні қарап отырып, «көп балалы аналарға көмектесіп, инвестиция құямыз»- деген жарнамаға лүпіл басып өтеді. Араға аз уақыт салып сол парақшадағы алаяқтар messenger арқылы уәдені үйіп-төгіп алдымен 10 мың, одан кейін 15 мың сұрайды. Кейін ұтысты болдыңыз, оның коммисиялық қаржысы 400 мың теңге дейді.

Раушан, Теміртау қаласының тұрғыны:

Сізге қуанышты жаңалығым бар, құтты болсын,сізге 7 млн.ақша шығып тұр деді. Менің аты-жөнімді жазған бір квитанцияларды жіберді. Соларды жіберген соң менің басым айналды ма кім біледі, жарайды деп сендім. Гос пошлина төлеңіз деді, оны мен кредит алып төледім.

Алданғанын кеш түсінген Раушан полицияға барып арыз жазады. Кибер қылмысқа қарсы күрес мамандары жедел-іздестіру барысында Ұлытау облысына қарасты Жәйрем кентінің 21 жастағы азаматын ұстаған. Қылмыскердің басқа да істерге қатысы бар болып шықты.

Айбол Төлепбергенов, ПД Киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің аға жедел уәкілі:

Қылмыскердің тағы осындай 5 адамды алдағаны белгілі болды. Оның Қарағанды облысы көлемінде келтірген шығыны 1 млн теңге шамасында. Сондай-ақ ІІМ-не хаттама жолданып, оның өзге облыстағы тұрғындарды алдау ісіне қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.

Өткен жылы 2 мыңға жуық алаяқтық ісі тіркелген. Көбі әдеттегідей өзін банк қызметкері ретінде таныстырады. Сан соғып қалған жандарға келген жалпы шығын 3,5 млрд теңге. Ал биылғы қаңтар айының өзінде 200-ге жуық қылмыс тіркеліп, азаматтарға 170 миллион теңге шығын келген. Қазір полицейлер мынандай көрнекі ақпаратты ел арасына шығарып жүр. Себебі қолды болған қаржыны іздегеннен гөрі алданбайтын жолды көрсеткен жөн.

Мира Тастаған, Қарағанды қаласы ПБ әкімішілік полиция инспекторы:

Автошерудің басты мақсаты халыққа жеткізу, интернет алаяқтықтың алдын алу. 00:28 және ақпараттандыру. Себебі соңғы уақытта халықтан шағым өте көп түсуде. Соның алдын алу мақсатында жүргізіп отырған іс-шарамыз.

Қазір полиция департаментінде «киберпол» деген арнайы бөлім ашылған. Онда ІТ саласының білікті мамандары жұмыс істейді. Осының арқасында былтыр 300-ге жуық қылмыстық іс ашылған. Ұсталғандарды жымқырған қаржының көлеміне қарай 10 жылға дейін бас бостандығынан айырады,-дейді тәртіп сақшылары.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу