Үкімет басшысы Олжас Бектенов жаңа қызметке кіріскелі өңірлерге жұмыс сапарын Қарағанды облысынан бастады. Индустриялды аймақтағы бірқатар маңызды өндіріс ошақтарының жұмысымен танысып, аймақ жетекшілеріне нақты тапсырмаларын берді. Прездент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде экономикалық өсім жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі тиіс- деген болатын. Бұл ретте кеншілер өңіріндегі даму көрсеткіштері туралы тілшіміз Руслан Нұрланұлы баяндайды.
Үкімет басшысы алдымен өңірдегі жолдың жайына, республикалық маңызы бар автобандардың құрылысына қатысты нақты тапсырма берді. Соның ішінде жүргізушілерді титықтатқан «Қарағанды-Балқаш» жолы да бар .
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Биыл бәрін бітіру керек. Ешқандай кедергі болмау керек. Қаражат, мердігер оның барлығы түсінікті бірақ бітіру керек биыл, жұмыс жасаңыздар белсенді. Одан басқа жолды тазалау мәселесі бар. Ақтөбеде көрдіңізғой 2500 көлік тұрып қалды жолда. Оны да байқау керек.
Өткен жылы Қарағанды облысының түрлі салалар бойынша экономикалық өсімі 5,6 пайыз бен 8,3 пайыз аралығында болды. Мұнымен тоқмейлісуге болмайды. Инвесторларға қолайлы климат жасап, экономиканы әртараптандыру басты міндет. Мысалға премьер аралап көрген патрон зауыты тұрған еркін экономикалық аймаққа қызығушылық танытып отырғандар жетерлік. Жалпы мұнда құны 1,5 трлн теңге болатын 61 инвестициялық жоба қамтылған. 14 мың жұмыс орны ашылды. Биыл тағы 10 инвестициялық жоба жүзеге асады.
Ермек Алпысов, Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары:
Қосымша өсім беретін орын ретінде «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен «Саран» индустриялық аймағы бар. Мұнда 21 резидент жұмыс жүргізіп отыр. Әлі 270 гектар бос жер бар. Бірақ әрмен қарай даму үшін бірқатар инфрақұрылымдық сұрақтар тұр. Бірінші энергия қуатын арттыру керек. Ол үшін республикалық бюджеттен 30 млрд.теңге қаржы қажет. «Саран» индустриялық аймағында да осы мәселені реттеу үшін шамамен 28 млрд теңге қаржы керек.
Олжас Бектенов «Qarmet» компаниясына да барды. Тау-кен, металлургиялық кәсіпорындар ұлттық инвесторға қандай күйде берілгені көпшілікке мәлім. Қазір бұл олқылықтар кезең-кезеңмен реттеліп жатыр. Премьер қарапайым жұмысшылармен де кездесіп, еңбек адамдарының мәртебесін арттыру, олардың жалақысын көбейту, жас мамандарды даярлау, оқу орындарын құру сынды өзекті мәселелерге тоқталды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Айлық, қауіпсіздік мәселесі біздің назарда болады. Жаңа инвестор тиісті шараларды белсенді қабылдайды. Тиісті уәде берді. Сондықтан біз бәрін бақылаймыз. Жас кадрларды дайындау күрделі мәселе, оны қарап, техникум басқа оқу орындарын қамтамасыз етеміз. Үкімет тарапынан кез-келген көмек болады, уайымдамаңыздар.
Қызметтік сапар «Саран» индустриялық аймағындағы жалғасты. Мұнда 2021 жылы іске қосылған автобус құрастыратын зауыт былтыр 1700-ге жуық көлік шығарды. Ал автомобиль шиналарын шығаратын кәсіпорын көктемде толық қуатта жұмысқа көшеді. Сол кезде 1000-нан астам жұмыс орны құрылады. Премьер-Министр компанияның инвестициялық жоспарларын іске асыруды барынша жеделдету қажеттігін атап өтті. Бұл Қазақстан экономикасының құрылымын өзгертуге елеулі үлес қосуы тиіс,- деді ол.
Руслан Нұрланұлы