Павлодар өңірінде күн күрт жылып, оның үстіне жаңбыр жауғандықтан дала көк мұзға айналды. Қазір Ақтоғай ауданы мен Екібастұз қаласына қарасты аумақтарда тебіндей алмай ашыққан жылқының алды құлай бастаған. Тайғанақтап жүре алмай қалған жануарларды иелері тіркемеге трактормен көтеріп тиеуге мәжбүр. Болжамға қарағанда, бүгіннен бастап аймақта күн күрт суытып, боран соғады. Сондықтан қырдағы малды қырып алмау үшін аудандарда жедел штабтар құрылды.
Қайырболат Байсаринов, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
Мұз басып кеткен қысқы жайылымдар бар. Жүдеген жабағы, тай мен күйін жоғалтқан жылқыларды иелері қораға қамап жатыр. Жем, шөппен көмектесеміз. Екібастұздың Ақкөл ауылдық округі тұрғындары бізге тікелей шығып көмек сұрады. Ертең 30 тонна бидай мен арпа жармасын соларға жібереміз.
Болат Аманбаев