Батыс Қазақстанда медициналық мекемеде жылу жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда медициналық мекемеде жылу жоқ

15.02.2024

Батыс Қазақстан облысына қарасты Теректі ауылындағы медициналық пункте науқастар сырт киіммен ем-дом алып жүр. Мекеме ғимараты әбден тозған, жылу жүйесі істен шыққан. Президент ауыл-аймақта денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға қыруар қаражат бөлініп жатса да, жұмыс шабан екендігіне сын айтты. 

Теректі ауданы Талпын ауылындағы медпункт көмірмен жылытылады. Алайда аядай ғана кеңсе қақап тұр. Тазалыққа жауапты маман әрі отын тасып, күл шығарады.

Асылзада Темірова, медициналық қызметкер:

Жұмыс істегеніме 7 жылдай болып қалды. Содан бері от жағамын. Біздің тілеуіміз - газ келіп, жарқырап, жылы жерде отырсақ екен дейміз.

Медпунктке ыңғайластырылған ғимарат 45 жыл бұрын салынған. Есік-терезесінен жел үріп, төбесі үгіліп тұр. Ауылға сегіз жыл бұрын газ келгенімен, әлеуметтік нысанға көгілдір отын қосуды ұмыт қалдырыпты.

Сабыр Бөкенбаев, Талпын ауылының тұрғыны:

Қысты күні сырт киіммен отырып, укол аламыз, система салдыртамыз. Ошақтың түрі анау, ыс ағып, түтін тартпайды. Қиын болды, жылу жоқ, салқын.

Аймақта тап осылай тозығы жетіп тұрған 50-ден астам медициналық мекеме бар. Құрал-жабдықтар да ескірген. Жедел жәрдем көлігі қаралмаған. Маман да тапшы.

Гүлнәр Жұмабаева, фельдшер:

Балдарды екпеге шақырғанда осы электр пешін қосып, ошақты жағып, жылытып аламыз. Өйткені прививканы үй-үйге барып сала алмаймыз ғой. Система, уколдарды үйден салам қатты суықта. Компьютер, принтер берілмейді, өзім сатып алдым. Қыста Аңқатының жедел жәрдемімен барамыз, жазда жолға шығамыз.

Президент «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елімізде 655 нысан салу жоспарланып, бірақ іс жүзінде оның тек 85-і тапсырылғанын сынады. Млрд-таған қаражат бөлінсе де, ауыл-аймақта медицинаның хәлі мүшкіл. Ұлттық жоба бойынша облыста жоспарланған 50 мекеменің былтыр тек 12-сі салынып, ел игілігіне берілді.

Ерлан Тоқсанов, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Біздің облысымыз бойынша 2023 жылы өз жоспарлағанымызды толық салып шықтық. Енді биыл 38 мекеме салуымыз керек. Соның тек 7-уінің сметалық құжаттамасы дайын. Оны саламыз. Қалғандарының жобасы жақын арада шығады деген үміттеміз. Үлгеруге тырысамыз. Жалпы құрылысқа республикалық бюджеттен 3,6 млрд теңге бөлінді.

Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 500-ден астам медициналық нысанның құрылысы аяқталады. Ал жергілікті билік өкілдері Талпын ауылындағы медпунктке биыл газ беріліп, 2026 жылы жаңа ғимарат салу жоспарда бар екенін уәде етті.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу