Қазақстанда суды үнемдеу мақсатында 4 деңгейлі жаңа тариф енгізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда суды үнемдеу мақсатында 4 деңгейлі жаңа тариф енгізілді

15.02.2024

Қазақстандықтар енді тұтыну деңгейі бойынша суға 4 түрлі тарифпен төлейді. Бұйрық үш күн бұрын күшіне енді. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі мәлімдеді.

Сондай-ақ Нұржан Нұржігітов сарқынды суларды қайта пайдалану мәселесін көтерді. Алайда автокөлік жуу орталығының иелері суды қайта қолдану, қызмет көрсету сапасына кері әсер ететінін айтты.

6 ай бұрын ғана құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі тіршілік нәрін үнемдеу мәселесіне шындап кірісті. 4 деңгейлі тарифпен белгіленген жаңа тәсіл, бюджетке 13 миллиард теңге қосымша табыс әкелетінін айтты.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

Бірінші топ – айына 3 м3 дейін тұтынумен қолданыстағы тариф қолданылады, өзгеріссіз. Екінші топ – айына 3-тен 5 м3-ке дейін тұтынумен, тариф қолданыстағы тарифтен 20%-ға жоғары. Үшінші топ – айына 5 м3-тен 10 м3-ке дейін тұтынумен, тариф қолданыстағы тарифтен +50%-ға жоғары. Төртінші топ – айына 10 м3 астам тұтынумен, тариф қолданыстағы тарифтен 100%-ға немесе 2 есеге жоғары.

Жиналғандар автокөлік жуу орындары мен моншалардағы суды қайта өңдеу мәселесін тағы да талқылады. Еділ Жаңбыршин сарқынды суды тазалайтын қондырғыны кәсіпкердің өзі сатып алуға міндетті дейді.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Кіші көліктердіңәр қайсысын жууға 200-250 литр су кетеді. Үлкен көліктерді жуған кезде 500-700 литр су кетеді. Жалпы алғанда, осы көлік жууға министрліктің есебі бойынша 100 млн кубтай су кетеді екен. Ал мына монша, сауналарда 120 млн кубтай су кетеді. Егер сол нысандарға тарифін көтеріп, міндеттеп, өздеріне локальды тазартатын су қондырғыларын қоятын болса, соншама су үнем болар еді.

Ал бизнес өкілдері бұл бастамаға теріс баға берді. Себебі, суды қайта пайдалану қызмет көрсету сапасына кері әсер етеді дейді.

Аягөз Есқалиева, көлік жуу орталығының иесі:

Иә, біз осы көліктерді ауыз сумен жуамыз. Себебі, бізге келіп тұрған осы ауыз су. Біздің пайдаланатын мүмкіншілігіміз. Если бізге жергілікті акимат басқа су көзін тауып берсе басқа жуатын, біз оны пайдаланамыз конечно может ол бізге тиімдірек болады. Мүмкін арзанырақ шығады.

Министрліктің мәліметінше, елімізде жыл сайын 25 текше шақырым су тұтынылады. Оның 65 проценті ауыл шаруашылығына, төрттен бір бөлігі өнеркәсіп саласына, 4,3 пайызы коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге жұмсалады.

Министр Нұржан Нұржігітов енді суды үнемсіз қолданған ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін кәсіпкерлерге де тариф өсетінін мәлімдеді. Ал олардан түскен табыс су арналарын жаңартуға жұмсалмақ.


Тәуірбек Бозекен

Хабарламаларға жазылу