Елімізде теміржол тарифтері көтеріледі. Қызметтер мен билет бағасына қосылатын құн Қазақстан теміржолының екі триллион 500 миллиард теңге көлеміндегі сыртқы және ішкі қарызын қайтаруға жұмсалмақ. Бұл туралы Ұлттық компания басшысы Сенат қабырғасында мәлімдеді.
Нұрлан Сауранбаев, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы:
Болашақта осы ақшаны қайтару үшін бізде тек үш жол ғана бар. Бірінші – ол тарифті көтеру. Екінші – капитализация. Сосын үшіншісі – транзитті көбейту. Осы үш мәселемен қазір айналасып жатырмыз.
Вагондар жаңарып, вокзалдар жаңғыртылады
Сенаторлар Көлік министрі Марат Қарабаев пен Қазақстан темір жолының басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевты депутаттық сауалдарға ауызша жауап беру үшін Сенатқа шақырған болатын. Министр биыл елімізде ақылы жолдардың тарифы көтерілетінін айтты. Әзірге қаншаға екені белгісіз. Ал Астана-Балхаш-Алматы тасжолы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деді. Теміржол мен вокзалдарды жаңғырту бойынша да, ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Мәселен, елдегі 59 вокзалды күрделі жөндеуден өткізу үшін қаржы қарастырылып жатқанын айтты. Сондай-ақ биыл 194 локомотив сатып алу жоспарда бар. Әрі Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржыға 100-ден астам жаңа вагон алынбақ. Марат Қарабаев мұның себебін былай түсіндірді.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
Зейнетақы қорында жиналған қаржы ол инвестициялық түсім алып келуі керек. Яғни, сонда жиналған қаржының жата беруі қажет емес қой. Ол тағы да соның үстіне пайыз алып келуі керек. Оны Бәйтерек қазіргі нарықтағы бағамен алып отыр. Сондықтан ол қайта қорда ақшасы бар кісілерге ақша алып келіп отыр.
Досжан Маратұлы