Жамбыл облысының тұрғындары күнбағыс майын өндіретін кәсіпорынды көшіруді талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысының тұрғындары күнбағыс майын өндіретін кәсіпорынды көшіруді талап етті

16.02.2024

«Зауыттың мүңкіген иісінен мезі болдық». Осылай деген Жамбыл облысы Көктал ауылының тұрғындары күнбағыс майын өндіретін кәсіпорынды көшіруді талап етті. Айтуларынша, 6 жыл бұрын салынған зауыттың жағымсыз иісінен ауылда тамақ ауруларымен ауыратындар көбейген.

4 мыңға жуық тұрғыны бар Көктал ауылындағы жалғыз кәсіпорынның жұмысына айналасындағы ауылдастары наразы. Сөздерінше, шемішкенің шикізатынан сұйықмай сығатын зауыттың иісі қолқаны қабады. Көпшілік көшіруді талап етті.

Нұржамал Ағанасова, ауыл тұрғыны:

Ауылдың ішінде май зауыт деген бола ма екен? Май зауытына рұқсат жоқ, бізден рұқсат сұраған жоқ жаңадан соғылып жатқан уақытта. Аллергия болып жатырмыз.

Ауылда ауру саны артқанын дәрігерлер де растап отыр.

Шахизада Самал, ауылдық амбулаторияның дәрігері:

Зауытқа жақын орналасқан тұрғындарымыз, әсіресе кішкентай балаларымыз педиатр ретінде айтам жиі ауырады. Жылда ауыратын балалар 4-6 рет ауыратын болса, бұл кісілер бір айда 2-3 рет обструктивті бронхитпен жиі ауырады.

Ал кәсіпорын тарапы зауыттың зияны жоқ, талап бойынша тұрғын үйлерден 100 метр қашықтықта орналасқан деді. Олар жобада жоқ болса да, тұрғындардың өтінішімен пісте қайнататын пеш мұржасына сүзгі орнатпақ.

Марат Есенбаев, кәсіпорынның заңды өкілі:

Мен көше алмаймын, не істесеңіздер де оны істеңіздер. Менің құжаттарым дұрыс. Бұл заңды түрде соғылды, арақашықтығы сақталған. Мен технология бойынша барлығын істеп жатырмын. Бұған фильтр қоямыз деп отырмыз.

Ал аудан атқамінерлері май зауытта мін жоқ, 40 адамды жұмыспен қамтып отыр деп мақтауын асырды. Ауылдықтардан арыз түссе ғана зауыт жұмысын тексермек.

Қанат Телеуов, Байзақ аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

Өзіміз келеміз. Комисия құрамыз. Комиссиялық құраммен келіп кәсіпкердің өзін шақыртып, заңдылығының бәрін анықтаймыз.

Кәсіпорындағылар көпшілікті көршімен тату болуға шақырды. Ал тынысымыз тарылды деген ел сүзгі орнатылмаса сотқа береміз деп бекініп отыр.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу