Қаңтар айына келген коммуналдық төлем құнына астаналықтар алаңдаулы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар айына келген коммуналдық төлем құнына астаналықтар алаңдаулы

16.02.2024

Қаңтар айына келген коммуналдық төлем құны, астаналықтарды алаңдатты. Көпшілік түбіртектерін әлеуметтік желіге жариялап, оның қате жіберілгенін не дұрыс екендігін түсіне алар емес. Тілшіміз мән-жайды анықтау үшін мүдделі органдармен тілдесіп қайтты. Толығырақ алдағы бейнематериалда.

Астаналық Күлзипа Наметқұлова 1 бөлмелі пәтерде тұрады. Ол әдетте коммуналдық төлемге ай сайын шамамен 13 мың теңгедей төлеп келген. Қаңтар айына келген түбіртектегі төлем шамамен 5 мың теңгеге көп шыққан. Бұл қалтаға салмақ болды деп отыр.

Күлзипа Наметқұлова, қала тұрғыны:

Алдыңғы айда біз 12-13 мың төлейтінбіз. Бұл айда біз аяқ астынан 18-19 мыңдай келгенде, біз шошып кеттік. Ал менің алатын жалақым 130 мың тг. Неге сонша қымбаттап кеткен?

Коммуналдық қызметтің қымбаттағанын, бүгінде жұрт әлеуметтік желіде жарыса жазып жүр. Көпшілік электрэнергия қуаты мен суға 35-40 мың теңге төлегендерін айтады.

Мәселенің мән-жайын анықтамақ болып, жауапты мекемелерге хабарластық.

Айсұлу Құсайынова, «Астанаэнергосбыт» ЖШС баспасөз хатшысы:

Жылу энергиясы 20 пайызға өсті. Электр қуаты 27 пайызға өседі 1 ақпаннан бастап. ++06/47 Бәрін қарадық. Бұл жерде ешқандай техникалық қателік кеткен жоқ. Далада неғұрлым суық болса, үйге жылуға әрі ыстық суға көбірек энергия жұмсалады.

Динара Жарқынбек, тілші:

Жұртты жарық, жылумен жарылқап отқан монополистердің инфрақұрылымы жылдар бойы жөнделмей тозығы жетіп, соңғы кездері сыр бере бастады. Яғни, ескірген желілерді жаңартатын уақыт та алқымды қысып тұр. Оған қоса, қуат көзін сатып алу, оны өндіру әрі тұтынушыға жеткізу қызметтеріне инфляция біршама әсер еткен. Мекеме жұмысшыларының жалақысы тағы бар. Мүдделі органдар бағаның құбылу себебін осылайша түсіндірді.

Дейтұрғанмен Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, бұл сала жіті бақылауда болады. Жалпы, Бір айға шаққанда коммуналдық қызмет сомасы азаматтың тапқан табысының 10 пайызынан асып кетпеу керек дейді. Егер, ондай жағдай орын алса, әлеуметтік осал топқа жататын жандарды мейлінше атаулы әлеуметтік көмекпен қамтымақшы.

Хабарламаларға жазылу