Тендердің төңірегінде дау көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тендердің төңірегінде дау көп

18.02.2024

Премьер-министр Олжас Бектеновтің іссапары өндіріс ошағы Қарағандыдан басталды. Патрон шығаратын зауытқа, әрине, Qarmet комбинатына, автобус шығаратын кәсіпорынға барған. Жұртты шаршатқан Қарағанды-Балқаш-Алматы жолын қайта жөндеу барысымен танысқан. Ағымдағы жұмысқа параллель аймақтардағы тіршілікті, өндіріс-өнеркәсіпті өз көзімен барып көруді жоспарлаған сияқты. Тағы бір байқалатыны- коррупцияға байланысты ақпарат көбейді. Дәлірегі- күдікке іліккендер мен күдік келтіретін мәліметтер ағыны. Мысалы, былтыр ғана тағайындалған Сәтбаев қаласының әкімі пара алды деген күдікпен ұсталған, Туризм және спорт министрлігі жанындағы Спортты дамыту дирекция басшысының орынбасары қамауға алынған.

Нақты кімдердің істегені анықталар, жалпы не үшін дегенге келсек - 383 млн теңгені ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. 2022 жылы Азия ойындарына қатысқан Қазақстан құрамасының спортшыларына Қытайда жасалған сапасы нашар спорттық аяқ киім мен рюкзактар сатып алынған, құнын үш есе көтермелеп көрсеткен. «Отандық өнім» деп жалған құжат дайындаған. Қазақстандық спортшылар сол Азиада кезінде формаларын видеоға түсіріп, «мынаған қараңдар» деп наразылық білдірген еді. Енді бір деталь – жаңа біз дирекция басшысының орынбасары ұсталды дедік. Ал директорын жемқорлықпен күресетін оралдық қызметтегілер ұстаған. Батыс Қазақстан облысының спорт саласында істеген кезіне орай сұрақтар бар екен. Ана жерден, мына жерден, жүрген жерден...- сот үкімі шықпай, сөйлемді соңына дейін айта алмайсың. Айтпақшы, Ханчжоудағы жазғы Азиадада жыртық кроссовкиге қарамай Қазақстан құрамасының спортшылары 80 медаль таққан- 10 алтын, 22 күміс, 48 қола. Ал сапалы болса, үздік ондыққа кірер ме едік... 

Тағы бір ақпар- Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұрынғы мәдениет және спорт министрі, Ұлттық музейді басқарған Арыстанбек Мұхамедиұлын «аса ірі көлемде пара беруге оқталды» деп танып, оның жаза мерзіміне тағы үш жыл қосып, жиыны 11 жылға бас бостандығынан айырды. Мұхамедиұлының әйелі Ғалия Ысқақова «Парақорлыққа делдал болу» бабы бойынша жарты жылға сотталды.  Мұхамедиұлының адвокаты Мұстахим Төлеев «аса ірі көлемде алаяқтық жасады» деп айыпталып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.  Тергеу мәліметі мынадай: «Мұхамедиұлы адовкаты Төлеев арқылы соттағы жауапты адамдарға пара бермек болған және бұған әйелін де тартқан». Бұрынғы министрдің зайыбы Ысқақовадан Төлеев 460 мың доллар алған.  Арыстанбек Мұхамедиұлы Ұлттық музейдің директоры болып тұрған кезінде «бюджеттен бөлінген 221 млн теңгені жымқырды» деген айыппен 8 жылға сотталған еді. 

Ал жұмада Екібастұз 2-мемлекеттік аудандық электрстанцияны жаңғырту кезінде 1 млрд теңгеге жуық қаражат жымқырылғаны жайлы ақпарат тарады. Павлодар облысының прокуратурасы аталған кәсіпорынды тексеру барысында 3-ші энергоблокты орнатуда жылу электр станциясын кеңейтуге және реконструкциялауға арналған қаражатты ысырап ету фактілерін анықтаған. Расталмаған жұмыстардың көлемі шамамен 1 млрд теңгені құрады. Аптадағы Үкімет жиынында Үкімет басшысы мемлекеттік сатып алу процедурасын қозғады. «Әдейі созбалаңға салу бар. Соның кесірінен барлық процесті тежейді. Ал шығарылған шешімдерге шағымдану бойынша заңсыз бизнес өркен жайған. Осыны түбірінен құрту керек», дейді О. Бектенов. Мемлекеттік сатып алулардың көлеңкелі тұстары көп екенін білеміз. Кейбіріне Елдос Есенбол тоқталады. 

Тендердің төңірегінде дау көп. Себебі...

Мирас Қарғабай, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басқарма басшысы:

2023 жылы жалпы мемлекеттік бюджеттің 46 пайызға жуығы мемлекеттік сатып алу арқылы орындалған.Сол салаға бөлінген мемлекеттік органдардың аппаратының қызметінің ұйымдастыруға бағытталған шығындар мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асырылады.

Ал ақша жүрген жерде заңсыздықтың болуы жазылмаған заңдылыққа айналып кеткендей...

Мирас Қарғабай, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басқарма басшысы:

2023 жылы 106 қылмыс тіркелген мемлекеттік сатып алуға қатысты. Ол жалпы 2023 жылы тіркелген жалпы жемқорлық қылмыстарының ішінде 10 пайыз үлесті құрап отыр.

Мұқаш Ескендіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

Жоспарлау, тендер өткізу, рәсімдеу, шартқа қол қою, ақшасын төлеу бұл жағынан менің ойымша проблемалар жоқ. Біздің қазіргі ең үлкен проблемаларымыз ол жаңағы жұмысты орындау кезінде, бітірген жұмысты тапсыру кезінде, сол жерде болып жатқан былықтар.

Осынша сомаға тендерден ұтқан тапсырысын орындап, бірақ ақшасын ала алмай жүрген кәсіпкердің есімі Гүлсахар Гасанова.

Гүлсахар Гасанова, жеке кәсіпкер:

Алдыңғы жылы 2022 жылы біз спецбаза при аппарате акима города шымкент договор ұтып алған едік противогаз. Былтыр 23 жылы январьда акиматтың алдына апардым противогаз жоқ дегеннен кейін...

Гүлсахар Гасанова, жеке кәсіпкер:

Договор бойынша мен товорды октябрдің 30-на шейін әкеліп беруім керек еді. Менің бірақ договорым декабрдің 31-не шейін. Ол кісілер ноябрдің үшінде мені незаконно сотқа берді. 18 ноябрде бюджетке ақшаны қайтарып қойдық деді. Содан менің товарымды қабылдамай мені сотқа берген еді. Сотты біз ұтып алдық.

Бақыт Махмутов, Заңгер:

Келісім-шартта нақты көрсетілген. Алған тауардың қаражаты төленуі керек. Іс-әрекет заңсыз болып танылды. +07:47 Осы сала өте көп кәсіпкерлерді мен өзім көргенмін бір рет, екі рет осылай банкротқа ұшырайды да күреспейді. Екінші рет мен мемлекетпен жұмыс істегенім болсын деп басын тықпайды.

Заңгерлер: «Бұл «бөтен» кәсіпкерлерді тендерге кіргізбеудің құйтырқы амалы» дейді. Бірақ мұндайда істің ақ-қарасын анықтау тым ұзаққа созылады.

Бауыржан Мақұлбаев, «Әділдік жолы» бірлестігі алматы филиалының директоры:

Жұма сайын мемлекеттік аудитқа жемқорлыққа қарсы қызмет ету департаменті арқылы көптеген хаттар жолдаймыз. Сол кезде жауап келеді: «Қазір біз жоспарлы түрде жұмыстамыз. Штат жетіспейді. Сондықтан сіздің заңбұзушылық туралы хатыңыз кейін қаралады.»

Премьер-министр Бектенов өз сөзінде: «Конкурстарға шағымдану төңірегінде тұтас астыртын бизнестер пайда болды.» деп қалған. Бұл сөздің астарын мамандардан сұрап білдік.

Бауыржан Мақұлбаев, «Әділдік жолы» бірлестігі алматы филиалының директоры:

Мердігер жұмыс орындаса оған бірнеше сатып алуға қатысқан басқа бизнес субъектілері шағымданып соған кедергі жасайды. Бірінші сатыдан өтеді, екінші сатыға барады, сотқа дейін барады. Немесе дұрыс заңды түрде отқан мердігерге айтады: «Бәленбай пайызды бізге берсең біз шағымызды аламыз. Бермесең сотқа дейін шағымданып есіңді аламыз» деп.

Бірақ мемлекеттік сатып алудан кәсіпкерлер ғана зардап шегіп жатқан жоқ. Тұралап қалған құрылыс, сапасыз нысан, су шайып кететін тасжолдар бұқараны әбден қажытқан мәселелер. Жауапсыз мердігерлердің жазасы қандай?

Мейрамбек Таңжарықов, ҚР ҚМ Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік секторының сатып алу заңнамасы департаментінің басқарма басшысы:

Әлеуетті өнім берушілер үшін айыппұл көзделген. Ол айыппұлдың мөлшері өкінішке орай жеткіліксіз болып отыр. Сол себепті әрбір күн үшін 0,1 пайыз шарттың сомасынан 0,1 пайыз. Бірақ бұл айыппұлдың жалпы көлемі келісім-шарттың 10 пайызынан аспауы керек. Бұл айыппұл жеткіліксіз болып отыр.

Мемлекеттік сатып алу заңында бір көзден сатып алу тәртібі бар. Мекеме мен мердігердің заңды түрде «сыбайлас» болуына да жол ашатын осы бір ереже дейді заңгерлер.

Бауыржан Мақұлбаев, «Әділдік жолы» бірлестігі алматы филиалының директоры:

Алматы қаласында метро салғанда BI GROUP көптеген жер асты жұмыстарын жасады. Бірақ ол жерасты жұмыстарын бұрғылайтын өте қымбат, өте үлкен техника бар. Сонда конкурстық талапқа сол техниканы қояды. Сол техникасы барлар ғана конкурстық талапқа қатыса алады.

Жалпы мекеменің кіріс-шығысын мемлекеттік сатып алуға ғана байлап қойған қаншалықты дұрыс? 2 миллиард теңгеге жуық қаражатқа алынған, бірақ мектеп ауласында қаңтарылып тұрған оншақты автобусқа қарап осылай ойлайсың.

Батырбек Төлегенов, ата-ана:

Тарлау ескі автобус. Баламды күнде алып кетем. Автобусқа мінгісі келмейді балалар сығылысады деп. Осы жүрсе жақсы енді.

Автобустардың жүрмеуіне жанармай жоқтығы себеп дейді. Сұйық отын алу үшін мемлекет сатып алу порталы арқылы конкурс жариялаған...

Орынтай Биманова, Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

Жанар-жағармайды ұсынушы компаниялар яғни көп мөлшерде, ірі компаниялармен шартқа отырғысы келеді. Ал мектептер шағын, бұлар ондай көп мөлшерде ала алмайды. Сондықтан бұлар мемлекеттік сатып алу порталына түспей жатқан жағдайы бар.

Бауыржан Мақұлбаев, «Әділдік жолы» бірлестігі алматы филиалының директоры:

Польшада мемлекеттік сатып алу заңнамасы 632 баптан тұрады. Бұл кодекс деп санауға болады. Шенеунік немесе тапсырыс беруші тек қана сол заңмен. Оңды-солды бұрылуға мүмкіндігі жоқ. Тек қана бір тәртіппен жұмыс істейді. Заң үкімет басшысы айтып отырған түсінікті болуы керек. Упростить деген қысқартып таста деп отқан жоқ.

«Мемлекеттік сатып алу туралы заң» қазір жұмыс тобының талқысында. Жоспар бойынша алдағы бір айдың көлемінде мәжілістің бірінші оқылымына да түсіп қалуы керек. Жауаптылардың нені ескеріп, нені ескерусіз қалдырғаны сол кезде белгілі болмақ.

Елдос Есенбол, тілші:

Мемлекеттік сатып алудың негізгі міндеті – қаражатты үнемдеу. Қазына қаржысының оңды-солды шашылмауын сіз де бақылай аласыз. Өйткені сатып алу порталы ашық. Бағаны негізсіз көтергендерді байқасаңыз Сыбайдас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне хабарласыңыз. 2023 жылы сондай бейжай қарамайтын азаматтар 750 миллион теңгенің негізсіз жұмсалуына тосқауыл болған.

Дегенмен мемлекеттік сатып алу рәсімдерін адамдар мемлекет қаражатын тиімді пайдаланатын тетік деп ойламайтыны шын. Керісінше, ішіп-жеу құралы ретінде қабылдайды. Жаңа үкімет осындай фундаментальді салаларда өзгерістер жасаса, әсерінен бірнеше, оның ішінде коррупция сияқты дерттердің метастаз беруі азаяр еді.

Елдос Есенбол


Хабарламаларға жазылу