Ұлттық арнаның арнайы тілшісі Әлімжан Исабай «Нұр Сұңқар» жүлдесін иеленді   - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арнаның арнайы тілшісі Әлімжан Исабай «Нұр Сұңқар» жүлдесін иеленді  

24.06.2016
Ұлттық арнаның арнайы тілшісі Әлімжан Исабай «Нұр Сұңқар» жүлдесін иеленді  

Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында журналистер арасындағы дәстүрлі «Нұр Сұңқар» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.

Қазақстан Республикасының алғашқы Баспа және бұқаралық ақпарат министрі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов төрағалық еткен арнайы құрылған комиссия бір ай көлемінде байқауға түрлі жанрдағы, атап айтқанда, очерк, сұхбат, мақала, телевизиялық және радиобағдарламалар, журналистік зерттеу, сондай-ақ, жарияланымдар мен бағдарламалар циклі бойынша материалдар қабылдады. Комиссия құрамына еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының ең беделді өкілдері кірген.

Байқауға қатысу үшін журналистердің Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың алдымызға қойған міндеттері мен берген тапсырмаларының жүзеге асу барысына, «Қазақстан-2050» Стратегиясының басымдықтарына, «Нұр Отан» партиясы Доктринасының қағидаларына және партия бастамаларына арналған жұмыстары қабылданды.

Биыл «Нұр Сұңқар» байқауына қатысу үшін республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарынан 230-дан астам өтініш келіп түскен. Олардың ішінен 83 жұмыс іріктеуден өтті.

«Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесін жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша сыйлыққа «РГ «Казахстанская правда» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Татьяна Костина ие болды.

«Нұр Отан» партиясының жұмысы жөніндегі ең үздік материалға арналған сыйлық «24.KZ» телеарнасындағы «Сұхбат» бағдарламасының авторы және жүргізушісі Ерлан Игісіновке берілді.

Үздік телевизиялық журналистерге берілетін «Ерекше пікір» аталымына бірден екі үміткер лайық деп танылды. Олар - «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы «Apta.kz» ақпараттық бағдарламасының арнайы тілшісі Әлімжан Исабай, «Хабар» агенттігі сараптамалық бағдарламалар бөлімінің корреспонденті Айгүл Әділова.

«Сөз шебері» аталымы бойынша үздік журналист ретінде «Айқын» газетінің редакторы Бейсен Тәжібаев жеңімпаз атанды.

«Қоғам үні» аталымында үздік радиожурналист атағы «Орда FM» радиосының  телеарнасының арнайы корреспонденті Ерлан Сисеновке берілді.

«Аймақ айнасы» аталымы бойынша жеңіс «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Оралхан Дәуітовке бұйырды.

Ақпарат агенттігінің үздік журналисіне берілетін «Медиа-профи» аталымына NUR.kz сайтының тілшісі Юлия Абрамова лайық деп танылды. «Көзқарас» аталымы бойынша үздік блогерлер ретінде Шолпан Әли мен Қанат Әуесбай жеңіске жетті.

«Нұр Сұңқар» - партия мен БАҚ өкілдері арасындағы әріптестікті және ынтымақтастықты дамытуды көздейтін Қазақстанның барлық журналисіне арналған дәстүрлі ашық байқау.

 

Хабарламаларға жазылу