Күзде еліміздегі оқушы қыздарға жатыр мойны обырына қарсы екпе салынбақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Күзде еліміздегі оқушы қыздарға жатыр мойны обырына қарсы екпе салынбақ

19.02.2024

Күзде еліміздегі 11 жастағы 175 мыңға жуық қыз балаға жатыр мойны обырына қарсы екпе салу науқаны басталады. Өйткені дәл осы қатерлі дерт дендеп бара жатыр, - дейді дәрігерлер. Жыл сайын 2 мың қыз-келіншек аты жаман аурумен науқастанып, оның 600-і сол жылы-ақ көз жұмады. Бұл күн сайын кемі 4 әйел кесел екенін біліп жатыр, - деген сөз. Алдын-алу үшін оқушыларға салынатын вакцияна қалай жүргізілмек? Ал ата-аналардың пікірі қандай? Әйгерім Ердәулет айтсын.

Елімізде жатыр мойны обырына қарсы екпе жайлы көбі біле бермейді. Өйткені, оқушыларға алғаш рет салынайын деп отыр. Үлкендер де өздігімен ізденіп, бұл вакцинаны салдыруға асықпайды екен. Біз тілдескен алматылық аналардың басым бөлігі, мұндай екпе тұрмысқа шыққан келіншектерден бастап салынса жөн еді дейді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ең алдымен мектеп әкімшілігі 4 пен 5-ші сынып оқушыларының ата-анасынан алдын ала рұқсат алады. Тізім дайын болғанда, емханаларға таратылған вакцинаны көшпелі тоңазытқышпен мектепке санап әкеледі. Бір дозалық екпені сол жерлікті емханадан келген педиатр салады. Бастысы баланың дене қызуы көтеріліп, суық тиюдің белгілері болмауы керек. Ал денсаулығында өзге де кінәраты бар балаларға дәрігердің арнайы рұқсатынан кейін салынады.

Айзада Мұратқызы, Астана медицина университеті акушерия және гинекология кафедрасының доценті:

ДДС ұйымы және басқа да зерттеу нәтижесіне сүйенетін болсақ, жалпы осы уақытқа дейін күрделі асқынулар болмаған. Тек қана жергілікті инекция жасаған жерде қызару, сол жердің жергілікті температурасының жоғарылауы деген сияқты жалпы осындай симптомдар айтарлықтай асқынуларға әкелмеген. Екіншіден, халық арасында бұл вакцина бедеулікке алып келеді деген және әртүрлі асқынуларға алып келеді деген алып қашпа әңгіме бар. Бірақ , бұл ретте де зерттеулер жүргізілген. Бедеулікке алып келмейді бұл нақты дәлелденген. Кез-келген медициналық препаратқа анафилактикалық шок жағдайын беруі мүмкін, ол жағдай өте сирек кездеседі, яғни бір жағдай миллион жағдайда кездесуі мүмкін
Жатыр мойыны обырына қарсы вакцина әлемнің 140 елінде 20 жылдан бері салынып келеді. Соңғы зерттеуге қарағанда қатерлі дертпен науқастанғандардың саны 90 пайызға азайған. Былтырдан бері көршілес Қырғызстанда 11 жастағы 78 пайыз қыз балаға вакцина салынса, Өзбекстанда 3 жылдың ішінде 9 бен 13 жас арылығындағы 95 пайыз оқушы осы екпені алыпты. Елімізде де 2013-2015 жылдары Астана, Алматы, Ақтөбе және Павлодарда пилоттық жоба болған. Ол кезде 13 пен 15 жастағы 17 мың қыз балаға обырға қарсы екпе егілген.

Толқын Садықова, онкогинеколог:

Біз сол қыздарды осы 10 жылдан кейін нәтижесін анықтадық. Сол Алматы бойынша ғана 1 мың 200 қыздан вакцина алған тексерген кезде, бізде сол қыздарды сол вирустың жоқ екені анықталды. 0,8-ақ процент. Ал енді екінші қосымша топқа қарадық, вакцина алынбаған топтарда 17,5 пайыз әйелде вирустар анықталды. Бұл вирусқа қарсы екпені енгізу керек, жасау керек. Оған ешқандай қарсылық қажеті жоқ. Ешқандай бедеулік туғызбайды. Сол себептен осындай қазір, осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жауапты министрлік, жақында мектептерде ата-аналармен жиналыс өткізіліп, түсіндірме жұмыстары басталатынын айтты. Сондай-ақ, жатыр мойыны обырына қарсы вакцинаны ұлттық екпе егу күнтізбесіне енгізуді көздеп отыр. Дәрігерлердің айтуынша, бір рет салынған вакцина адам ағзасында 10 жыл вирусқа қарсы антидене түзіп тұрады.


Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу