Павлодарда мектеп салу үшін зағиптар қоғамының жері мәжбүрлі түрде алынбақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда мектеп салу үшін зағиптар қоғамының жері мәжбүрлі түрде алынбақ

19.02.2024

Павлодарда жергілікті әкімшілік «Қазақ зағиптар қоғамы» бірлестігін 80 жылдан аса иеленіп келген жері мен өндірістік ғимараттарынан айыруы мүмкін. Орнына мектеп салу жоспарланып отыр. Не себепті мұндай шешім қабылданды? Тараптардың талап-тілегін аймақты тілшіміз Болат Аманбаев тыңдап қайтты.

Гүлнар Адамжанова зағиптар қоғамының өндірістік цехына 16 жасында жұмысқа тұрыпты. Мүгедектігіне байланысты мемлекет пәтерді де жұмысына жақын жерден берген. Содан бері 38 жыл өтті.

Гүлнар Адамжанова, 1-ші топтағы мүгедек:

Осы жерде біз көзімізді жұмып тұрып жүре аламыз. Басқа жер құрып қалғандай дәл осы жерге мектеп құрғысы келеді. Енді олардың да жұмысы дұрыс шығар. Біз осы жаққа әбден үйреніп қалдық. Инфрақұрылым осы жақта, клуб бар, арнайы кітапхана бар, бағдаршамды көрген шығарсыз, бәрі бізге қолайлы.

«Қазақ зағиптар қоғамына» тиесілі бұл аумақтың көлемі үш гектар. «Жайлы мектеп» салу талабына сақадай сай келеді.

Арғынғали Бердиев, «Қазақ зағиптар қоғамы» қб облыстық бөлімшесінің директоры:

Зағиптар жұмыссыз қалады, деп ешқайсысы ойлап отырған жоқ. Усолка шағын ауданының бас жоспары мен архитектурасының дұрыс жобаланбағаны кесірінен біздің кәсіорынды тығырыққа тіреп отыр.

Әзірге қолымызға жердің алынатындығы жайлы құжат тиген жоқ. Ауызша келіссөз ғана дейді қоғамдық бірлестік өкілдері. Ал, қала әкімшілігі ақпанның 13 де бекітілген қаулы бар, дейді. Сондай-ақ, зағиптар қоғамына қала сыртынан жер ұсынып отыр.

Оразбек Саяхат, Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы:

Жер учаскелерін мемлекет мұқтаждығы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесі және өзге де жылжымалы мүлікті мәжбүрлі түрде иеліктен шығаруды бастау туралы қаулы, бұл қаулы. Осы қаулы аясында иеліктен шығаруға екі жер учаскесі жатады. Соның бірі осы “Қазақ зағиптар қоғамы” ҚБ-нің жер учаскесі.

Әкімшілік мектеп салуды жоспарлап қойған Усолка шағын ауданында 2204 орындык екі мектеп бар. Онда 3620 окушы білім алады. 1416 орын жетпейді. Алдағы уақытта кажеттілік 2000 орынға дейін артуы мумкін.


Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу