Сарапшы: Биыл баспана қымбаттауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарапшы: Биыл баспана қымбаттауы мүмкін

19.02.2024

Биыл баспана бағасы 15 пайызға қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы еліміздегі риэлторлар қауымдастығы мәлімдеді. Тіпті, үй саясатына жүргізілген реформа да нарыққа әсер етпейді деп отыр. Ал сарапшылар, керісінше, біраз өңірде баға тұрақталғанын жеткізді. Себебі, бәсекеге қабілетті құрылыс компаниясының саны артқан. Яғни, үй аламын деген адамға таңдау көп.

Ірілі-ұсақты құрылыс компанияларының назары бүгінде Ұлытау, Абай, Жетісу облыстарына ауа бастаған. Сарапшылар баспана бағасының күрт өсуі осы өңірлерде ғана анық байқалады дейді. Ал мамандар Алматыдағы жер сілкінісінен соң пәтер құны арзандап, халық Астанаға үдере көшіп жатыр деген пікір қауесет қана дейді.

Ербол Арынұлы, құрылыс компаниясының атқарушы директоры:

Біздің ең үлкен қаламыз және біздің орталығымыз ол – Алматы. Алматыдан бері қарай оның барлығы көшпейді. Ол белгілі. Көшсе, психология жағынан әсер алған кіслер көшу мүмкін. Бірақ үлкен толқын болмайды. Екінші жағынан, егер материал төмендемесе, бағаның түсуі мүмкін емес.

Құрылысшылар одағының мәліметінше, үй салуға қажетті материалдардың 54% Қазақстанда шығарылады. Шетелден келетіні 46 процент. Құрылыс заттарының тең жартысы өзімізден шықса да, барлығына бірдей жетпей отыр.

Олжас Байбакиров, жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры:

2023 жылмен салыстырсақ, биыл үйге деген нарықтағы сұраныс төмендеген, әлі де төмендейді. Себеб, үйді қолма-қол ақшамен сатып алатындар азайды. Адамдардың 70 пайызы ипотекалық бағдарламаға жүгінеді. Сондай-ақ, халықтың да табысы төмен ғой. Банктер оларға жоғары пайызбен эпотекалық кредит беруге қорқады. Кейін төлей алмай қалуы мүмкін. Яғни, сұраныстан көрі ұсыныс көбейді.

Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тұрғын үйді алу да, сату да 16 пайызға төмендеген. Бөлмелер саны бойынша да өтім азайған. Қаңтар айында 10 мыңға жуық 1 бөлмелі пәтерге қатысты транзакция тіркеліп, рекорд орнады. Жеке тұрғын үйлердің өтімі де 26%-ға түскен.

Ербол Арынұлы, құрылыс компаниясының атқарушы директоры:

Астанада ең сұранысқа ие – эконом класс пен комфорт кластағы үйлер. Бұл нені білдіреді?! Бізде әлі сұраныс көп деген сөз. Бір ілігіп кету керек қой. Сол үшін жастарға ипотека, Жасыл ипотека, Ұмай, әскери ипотека деген сияқты бағдарламалар енгізгені жақсы. Ол бізге де, құрылыс компаниясына да, сізге де жақсы.

Иә, расында дәл қазіргі сәтте құрылыс компанияларына мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының көп болғаны жақсы. Тиімді әрі сенімді серіктес ретінде жұмысын жалғастыра бермек. Соның бірі – наурызда 9 пайыз несие мөлшерлемемен іске қосылатын «Отау» жаңа тұрғын үй бағдарламасы. Бұл жоба үкіметтік деңгейде қаралып, бекітілген болатын.


Тәуірбек Бозекен

Хабарламаларға жазылу