Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына дайындық жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына дайындық жүріп жатыр

20.02.2024

Даңқты суретші Әбілхан Қастеевтің кіндік қаны тамған Шежін ауылында әлеуметтік нысандар салынады. Алтүй ауылында мектеп пен мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіледі. Оның сыртында Талдықорғанда суретшіге ескерткіш қойып, Жаркентте көше беру жоспарланған. Мұның барлығы қылқалам шеберінің 120 жылдық мерейтойы қарсаңында қолға алынып жатыр.

Бұл мәдениет үйінің іргесі өткен ғасырдың 60-шы жылдары қаланған. Сол уақыттан бері бірде-бір жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Қазір төбесінен су сорғалап, едендері ескіріп, терезелінен жел аңырайды. Өнер ошағының сахнасы да сын көтермейді. Жарық шамдары істен шығып, орындықтары да әбен тозған.

Алайда өнер ошағының қызметкерлері жоқтан бар жасап, жұмыстарын бір сәт тоқтатқан емес. Мәдениет үйінде 12 мыңнан астам кітап қоры мен жетіген және домбыра үйірмелері жұмыс істейді.

Бағлан Күдербаева, мәдениет үйінің меңгерушісі:

Қалған әніміз бар, биіміз бар, қолөнері бар, солардың бәрі қалған үйірмеміз бар майдан бастап, күн жылынған кезде қосылады.

Мәденинет үйінің күрделі жөндеуіне 840 млн теңге қаржы бөлініп, алдағы күндері жаңарту жұмыстары басталмақ. Ал Жаркент қаласында Әбілхан Қастеевтің шығармашылығы мен өмір жолын насихаттайтын шағын көркемсурет галереясы жұмыс істеп тұр. Рухани шаңырақ осыдан 20 жыл бұрын суретшінің 100 жылдық мерей тойында ашылған.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Бұл галереяда қылқалам шеберінің акварельмен салған екі төл туындысы бар. 1960-шы жылдары салған эскиздік жұмыстарында суретші жазиралы Жаркент өңірінің ауылшаруашылық аймақ екенін көрсетуге тырысқан.

Мерейтой аясында түрлі пленерлер мен ғылыми конференциялар өткізу жоспарланған. Биыл Талдықорған қаласында суретшіге ескерткіш қойылады. Мұнан бөлек өңір зиялыларының бастамасымен Жаркент қаласының бас көшесіне қылқалам шеберінің есімі берілмек.

Марат Сағымбек, Панфилов ауданының әкімі:

Ауылдың ақсақалдары бар, этно-мәдени орталықтар бар, қоғамдық кеңестер бар. Облыс әкіміне қазір өтініш жасап жатыр. Облыстық қоғамдық кеңеске, облыстық мәслихатқа өтініштер жасап жатыр. Біздің Жаркенттегі ең үлкен көше Жібек жолы осы биылғы жылы даңқты суретшінің құрметіне атау жөнінде.

Мерейтой тек аста-төк дастархан жайып, көңіл көтеру ғана емес, әлеуметке пайдасы тиетін істермен есте қалу керек, дейді суретші жерлестері.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу