«Кадрлық резерв - жасампаз әрі сыни ойлай алатын жас мамандарға әлеуметтік лифт бола алады». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастар кадр резервінің форумында сөйлеген сөзіне орай сарапшылар осындай пікір білдірді. Әрі бұл бастаманың аймақтық баламасын жасақтау арқылы өңірлердегі қордаланған мәселелерді шешуге болады дейді саясаттанушылар.
«Мемлекеттік басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, отаншыл азаматтар келуі керек», - деді Президент форумда. Ал ондай жастардың мемлекеттік қызметке баруға ынтасы зор. Оған кадр резервінің іріктеуіне 3 жылда 20 мыңнан астам маманның қатысқаны дәлел, - дейді сарапшы.
Дулат Өтеғали, ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы:
Бұл жас мамандарға, өзін көрсеткісі келетін, жасампаз, инновация, технологияларға негізделген, сыни ойлай алатын жастарға әлеуметтік лифт болып табылады. Үш іріктеудің өзінде 20 мыңнан астам жас маман бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырған. Қазір олардың іріктеліп өткен 400-дің 280-і орталық және атқарушы органдарда белгілі бір лауазымды қызметтер атқарады.
Енді аймақтық жастар кадр резервіне іріктеу басталады. Бұл осы президенттік бастаманың аймақтық баламасы. Жоба әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық ерекшелігіне қарай тиімді шешім шығара алатын мемлекеттік қызметкерлер қосынын жасақтауға сеп болады, - дейді саясаттанушы. Әрі басқару ісі мен бюджетті орталықсыздандыруға мүмкіндік береді деп есептейді.
Ермек Тоқтаров, ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі:
Әр аймақтың өз ерекше бір мәселелері бар, ерекше бір экономикасы, спецификасы бар. Сондықтан бұл ерекшеліктерді білетін маманда, жастар болса, сол аумақтарда, оларды Астанаға тартпай, сол жерде қалдырып, жұмыс жасату үшін осындай мүмкіндіктер жасалады. Бұл президенттің саясаты - орталықсыздандыру.
Ал мемлекеттік қызметте жоқ маман, нарықта бар. Оларды басқару ісіне гибридті түрде араластыру тапсырылды. Сарапшы Ермек Тоқтаров ғылымда не бизнесте жүрген мамандарды белгілі бір жоба үшін аутстаффинг негізінде тартуға болатынын айтады.
Ермек Тоқтаров, ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі:
Бюрократия мемлекеттің денесі деп айтуға болады. Ал әр мемлекеттік қызметкер кейде әртүрлі салада маман болуы керек. Мысалы, қойылатын талаптың бірі - жоғары білімнің болуы. Бірақ мамандығы қандай ескертілмеген. Сондықтан кейбір адамның оқыған мамандығы бір, жұмысы - басқаша. Сондай мамандарды тарту үшін оларды жобалық түрде немесе гибридті түрде мүмкіндіктер жасау керек.
Данияр Қайыртай, тілші:
Ол үшін мемлекеттік қызметке тұру қағидалары жеңілдетілуі де мүмкін. Қазір, әсіресе, экономика, техника, экология салалары білікті мамандарға мұқтаж. Резеристерді кәсіби қабілеттеріне қарай таңдағанда да мемлекеттің осы салалардағы қажеттіліктері ескеріледі.