Ақтөбеде соңғы бір жылда құжатсыз жүрген 83 адам анықталған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде соңғы бір жылда құжатсыз жүрген 83 адам анықталған

21.02.2024

Елде кеңестік қызыл паспортпен жүргендер әлі бар. Тек Ақтөбе облысында соңғы бір жылда құжатсыз жүрген 83 адам анықталды. Арасында алыс-жақын шет елден келгендер де бар. Кейбірінің келмеске кеткен Кеңестік паспорттан басқа құжаты жоқ. Мұндай азаматтарға қандай шара қолданылады?

Өзінің айтуы бойынша, бұл адамның аты-жөні - Орақ Теміров. Алайда, қолында есімінің Орақ, тегінің Темір екенін дәлелдейтін бір де бір құжат жоқ. Паспортын 30 жыл бұрын жоғалтқан. Кейін істі болып, темір тордан шыққаннан кейін де жеке куәлік алуға асықпаған. Алайда, еш құжатсыз-ақ жұмыс істеген.

Орақ Теміров, қала тұрғыны:

Алады ғой жұмысқа. Мал да бақтым, не де бақтым. Солай мал бағып жүрдім. Баламды 28 жыл, 15 жасынан көрген жоқпын. Қазір бар, табылды.

Бұл мекемеде түрлі тағдыр бар. Орақ секілді құжатсыз жүргендердің бірі - Ресейден, екіншісі - Молдовадан келген. Олар әлеуметтік төлемдерді де ала алмай отыр. Ал, бұл жерді бір жыл ғана паналай алады.

Қайрат Жұмағалиев, психолог:

ЖСН нөмірін таппай, әзірге ешқандай олармен жұмыс жүргізілмейді. Сол қиындық тудыратын. Біреуі Өзбекстанда, біреуі Ресейде, біреуі Молдова мемлекетінен. Солардың ешқайсысының азаматтығы анықталмағандықтан, ешқандай әлеуметтік қызмет көрсете алмаймыз. Себебі, олар құжатталмаған.

Қазір мамандар ешқандай құжаты жоқ азаматтарға куәлік беру үшін түрлі мекемелермен байланысып жатыр. Бұл оңай шаруа емес. Өйткені үй-күйі жоқ азаматтардың көбі шет елдерде дүниеге келген немесе Кеңес үкіметі кезінде Қазақстанға келіп, қалып қойған.

Эльмира Болтаева, облыстық полиция департаменті, көші-қон қызметі басқармасының бастығы:

Азаматтардың көбі зейнет жасы жақындағанда ғана құжат керек екенін естеріне алады. Кейбірі мерзімі өткен куәліктерін ауыстыруға асықпайды. Тіпті, бейтаныс адамдарға беріп қойып, жоғалтып жатады. Мұндай жағдайлар түзеу мекемелерінен шыққан және шаруа қожалықтарында жұмыс істеп жүрген адамдарда көп кездеседі.

Тұрғылықты мекен жайы жоқ азаматтарға арналған орталықта соңғы бір жыл ішінде 8 адамға жаңа құжат берілген. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, мұнда тұратындарды жұмысқа орналастыру да оңай шаруа емес. Қазір бұл жерде 52 адам өмір сүріп жатыр, оның тек 4-еуі ғана екі қолға бір күрек тапқан.

 Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу