Сарапшылар суды үнемдеудің жолдарын талқылап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарапшылар суды үнемдеудің жолдарын талқылап жатыр

22.02.2024

Қазақстанның ауыл шаруашылығы Еуропа елдеріне қарағанда суды 8 есе көп пайдаланады. Бұл дерек Астанада өтіп жатқан су технологиялары мен ресурстары бойынша халықаралық форум кезінде айтылды. Сондықтан заманауи үнемдеу технологияларын пайдалану керек.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Суда шекара жоқ. Сондықтан проблемамен жалғыз күресу тиімсіз. Мәселені орталық Азия бірлесіп көтеру керек. Ал Қазақстан су ресурстары бойынша негізінен осы орталық азия елдеріне тәуелді. Себебі біздегі ірі өзендердің барлығы дерлік трансшекаралық. Бастаулары басқа елді. Бізге маусымына қанша су жібереді, соны жеткізуіміз керек. Ал тәуелділіктен құтылудың екі тәсілі ғана бар. Әуелгісі үнемдеу. Ол үшін ауыл шаруашылығына, басқа да ірі тұтынушыларға тамшылатып суару сияқты үнемдеу технологияларын енгізу қажет. Сондай-ақ үнемдеуді ірі компанияларға ғана жүктеп қоймай, әр тұрғынның санасына сіңіру керек дейді қатысушылар. Екіншісі бір суды бірнеше рет пайдалануды үйрену.


Бүгінгі халықаралық форумға Президент кеңесшісі, үкімет мүшелері және шетелдік сарапшылар да қатысып жатыр. Мемлекет су ресурстарын тиімді басқару үшін алдымен су министрлігін құрды. Ал министрлік 2024-30 жылдарға арналған тұжырымдама қабылдады. Арнайы су кодексі де әзірленді. Қазір мәжілістің талқылауында. Сондай ақ өзге елдермен келіссөздер жүргізу үшін арнайы мамандар әзірленіп жатыр. Олар болашақта трансшекаралық өзендердің мәселесін шешуі тиіс. Алдағы шығарылымдарда тағы толықтырып айтам.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу