Автокөлік ұрылары емін-еркін тайраңдап жүр. Арнамызға жапа шеккендер шағымданды. Темір тұлпарын автовоз арқылы қалаған қалаңа жеткізіп беремін деп қызметіне ақша алғанымен қоймай, көліктерін бермей отырғанын айтты. Әріптесім Қаракөз Тұрмағанбет жалғастырады.
Назерке Сұлтанбек темір тұлпарын Алматыдан Астанаға жеткізу үшін көлік тасымалдаушылардың қызметіне жүгінінбек болып, интернетте хабарлама береді. Оған қызмет құнын 70 мың теңгеге бағалаған ер адам хабарласып, келісім-шартқа отырады. Бір апта бойы жолдамыз деп алдап келіп, соңында көлігіңді алғың келсе, 2 млн теңге аудар деп талап қойды дейді. Жәбірленуші күн құрғатпай Алматы қаласының Наурызбай аудандық полиция басқармасына арыз жазған.
Назерке Сұлтанбек, жәбірленуші:
Одан кейін өз банкіме хабарластым, өйткені басында 70 мың теңге картадан аударған едім. Енді сол картаның иесі кім екенін білу үшін банкке анықтама беру керек екен. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру анықтамасы.
Назеркенің бауыры сенімді өкілі ретінде полиция басқармасына барып, анықтаманы сұратады.
Еркебұлан Ермекұлы, жәбірленушінің сенімді өкілі:
Бізге анықтама беріңіз, біз ана жігіттің аты-жөнін, бәрін алып берейік десек, «сендер бара берсеңдерші, қайтесіңдер бұл іске араласып» дейді. Машинаны беріп жатқан кезде видеоға түсіріп алғам. Қабылдаған адамның түрі де бар менде. Суретін беріп тұрмын. Бір аптадан артық уақыт өтті. Ешқандай хабар жоқ.
Алматы қаласы бойынша дәл осы тәсілмен бірнеше көлік ұрланған. Мұны қалалық Полиция департаментінің Баспасөз қызметі растап отыр.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі:
Аса ірі көлемдегі алаяқтық деректері бойынша (ҚР ҚК 190-бабы, 3-бөлігі) Наурызбай аудандық полиция басқармасы екі қылмыстық істі тергеп жатыр. Бұған дейін Алматы қаласы Наурызбай ауданының полиция қызметкерлері дәл осындай тізбекті пайдаланып, алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топты ұстаған болатын. Нәтижесінде 5 көлік шынайы иелеріне қайтарылды.
Адвокат Жанна Оразбақова «алаяқтар хабарласқан телефон нөмірі мен банк картасы мәліметтері бойынша қылмыстық топтың ізіне түссе, қанеки. Тіпті, «Сергек» арқылы-ақ жедел іздестіріп табуға болады» дейді.
Жанна Оразбақова, адвокат:
2023 жылдың 20 маусымында біздің клиентіміз, яғни заңды тұлға Алматыдан Мәскеуге екі көлікті жөнелтпек болып, алаяқтарға тап болды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру әлі күнге дейін бірде-бір қадам алға жылжыған жоқ. Дәл осындай жағдайға тап болған адамдар маған әлеуметтік желіде көп жазады, көмек сұрайды.
Тура осындай жолмен көлігінен көз жазып қалған Бану Жетісу аудандық полиция басқармасының көмегіне жүгінген. Бірақ полицияның қызметі үрей мен үлкен күдік туғызған. Себебі әу-баста көлігін қабылдап алған жігітті тәртіп сақшылары екі-ақ сағаттың ішінде таба қойған. Одан кейін кемі 10 күн тергеп-тексерілуі тиіс күдіктіні босатып жіберген.
Бану Омарова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
Кино сияқты болды ғой. Ізінен түскенімді көріп, олар қайтадан РУВД-ға алып келеді. Жетысу РУВД-ның алдында үш күн бойы түнедім. Төртінші күні Бас прокуратураға арыз жазам үстеріңізден, Астанаға кетейін деп жатырмын деген кезде ғана маған хабарласып,, сіздің көлігіңіз табылды дейді.
Алаяқтар ақша бопсалаумен қоса, «қайда жұмыс істеп, қайда тұратының туралы барлық мәлімет қолымызда» деп қоқан-лоқы көрсеткен. Жәбірленуші өзінің де, жақындарының да қауіпсіздігіне көңілі алаң. Сондықтан бұл істі Бас прокуратураға дейін жеткізуге ниетті.
Ал былтыр маусым айында алаяқтарға алданған Данияр алты айдан кейін машинасын өзі іздеп тапқанын айтады. Бірақ оны қайта тізгіндеуге құқы жоқ.
Данияр Нұрғалиев, қала тұрғыны:
Көлікті қолхат бойынша берді. Бірақ вин-коды тегіс өзгертілген. Машинамды өз атыма ауыстыра алмай отырмын. Мемлекеттік нөмірі де басқа адамның атында. Сот енді бұл көлікті кімнің пайдасына шешетіні белгісіз.
Алаяқтарға алданған авто иелерінің жалпы саны белгісіз. Бізге белгілісі 30-дан асады. Олар ортақ чат құрып, әзірге көліктерін өздері іздеп табуға әрекеттеніп жүр.