Мемлекеттік қызметті оңтайландыру үшін заманауи технологиялар қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік қызметті оңтайландыру үшін заманауи технологиялар қажет

22.02.2024

Мемлекеттік қызметті оңтайландыру үшін заманауи технологияларды пайдалану қажет. Сонда жылдар бойы жауыр болған бюрократияға, қағазбастылыққа тосқауыл қойылады. Президенттік жастар кадрлық резервінің форумына қатысқан мемлекет басшысы осылай деді. Мұны сарапшылар да қолдап отыр. Мәселен, жасанды интеллектінің заң саласында берері мол. Өйткені аналитика мен зерттеу көп. Ал жүйе цифрландырылса, бұл да мамандарға үлкен жеңілдік болар еді,-дейді сарапшылар.

Әлеуетін арттырып, машақатын азайту қажет. Алдағы басты мақсат осы. Сонда мемлекеттік қызметке келетіндер де артады. Қызығатындар да көбейеді. Сарапшылардың пікірінше, қазір бұл салаға ден қойылып келеді. Алайда, әлі атқарар жұмыс көп.

Нұржан Сәулен, парламентаризм институтының бас маманы:

Қазақ тілінде осы IT сферасын пайдалану, gpt чатты пайдалану, басқа да жаңағы цифрландыру бағдарламаларын пайдалану кішкене қиындық тудыруда. Цифрландыруды, IT бағытты қазақ тіліне келтіру мәселесі әлі жүргізіліп жатыр.

Демек, мәселені тез арада шешу керек. Сарапшылар мұны алдымен жастардың өзі қолға алса,-деп отыр. Өйткені көбінесе IT-дың тілін түсінетіндер де, жаңа идеялар мен инновациялық жобаларды ұсынатындар да солар. Ең бастысы – білікті де, білімділердің басын қосу.

Жанар Төлендинова, Парламентаризм институтының қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі атқарушы директоры:

Жасанды интеллект заңдардың әлеуметтік экономика саласына әсерін болжай алады. Бұл бізге аса қажет. Президентіміз де мұны аса назарға алып отыр. Өткен жылы IT университетінде шетелдік мамандармен осы бағытта семинар өткізді. Қазір енді бұл әдіс жан-жақты қарастырылып жатыр.

Президенттік жастар кадр резерві талапты жастарға бірегей мүмкіндік беріп келеді. Қуаныш Елікбаев – сол мүмкіндікті пайдаланғандардың бірі. Бір жыл бұрын лауазымды қызметке тағайындалған. Айтуынша, жас мамандарға беріліп жатқан жаңа мүмкіндіктер елдің дамуына да айтарлықтай септігін тигізбек.

Қуаныш Елікбаев, ҚР Сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы:

Ведомстводағы комитет басшылығы боламын деп ойламадым. Бұл бізге берілген өте үлкен, жақсы мүмкіндік. Еліме қызмет ете беремін. Алда жоспар көп.

Иә, жоспар көп. Ең алдымен жаңа жұмыс тәсілдерін енгізген жөн. Бұл жерде заманауи технологиялардың да маңызы зор. Мемлекет басшысы мұны форумда айрықша атап өтті. Ал оны жүзеге асыру үшін, батыл қадамдар мен білікті жастар қажет. Негізгі мақсат мемлекет мүддесі болуға тиіс деген болатын.


Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу