Коммуналдық кәсіпорындардың тозығы жеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коммуналдық кәсіпорындардың тозығы жеткен

23.02.2024

«Тұрғындар шағымы ескерілуі тиіс». Бүгін Оралға барған Үкімет басшысы Олжас Бектенов жылу және сумен қамтитын коммуналдық кәсіпорындардың жұмысымен танысып, халыққа ең қажетті жүйенің қалтқысыз жұмыс істеуін қатаң тапсырды. Ірі өнеркәсіп орындарын аралап, инвесторларға қолайлы жағдай жасаудың маңызын баса айтты.

Қаланы сумен қамтитын «Батыс су арнасы» кәсіпорнының су желісі 60 %-ға тозған. Сондықтан құбырлар жиі жарылып, ала жаздай халық тіршілік нәрінен тарылды. Үкімет басшысы облыс әкіміне тұрғындардың арыз-шағымына назар аударып, қажет құжаттарды жинауды жеделдетуді тапсырды. Ал, жылу электр орталығының 86%-ы ескірген. Былтыр суды суытатын градирня мен бу турбинасы іске қосылды. Алайда, құбырлар мен құрылғылар, қазандық пен ғимараттың өзі апатты жағдайда тұр.

Олжас Бектенов,  ҚР Премьер-министрі:

Республика бойынша жылу-электр орталықтарының тозу деңгейі 66%, сіздерде 86%-ға жетті. Күрделі мәселе. Бірте-бірте шешеміз. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын болғасын, бізге өтінім жіберіңіздер. Қарастырамыз.

Батыс Қазақстан машина жасау зауытында мұнай-газ жабдықтары шығарылады. Алайда мұнай-газ, энергетика кәсіпорындарынан мемлекеттік тапсырыс аз дейді зауыт басшысы. Премьер-министр кәсіпорынға қолдау білдіру үшін құзырлы министрлікке тапсырма берді.

АЗЫҚ-ТҮЛІК ӨНІМДЕРІНІҢ 11 ТҮРІ ӨНДІРІЛЕДІ

Жайықтағы ірі жылыжай кешенінде жылына 6 мың тонна қызанақ пен қияр өндіріледі. Жоба голландия технологиясымен салынған. 190 адам тұрақты жұмыспен қамтылған

Ләззат Бақтығұлова жұмысшы:

Осы жұмысқа келгеніме 4-5 ай болып қалды. Жұмымым өзіме ұнайды жақсы. Қызанақтар сұранысқа ие. Жақсы өнім беріп жатыр. Жақсы өтіп жатыр.

Өңірде ең қажетті азық-түліктің 11 түрі өндіріледі. Премьер-министр ішкі нарықты отандық ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты.

Олжас Бектенов, ҚР премьер-министрі:

Биыл 500 млрд теңге қаражат бөлініп жатыр. Осы ауыл шаруашылығы өнім өндірушілерін қолдау үшін. Тыңайтқыштар, сумен қамтамасыз етуге, басқа да мақсаттарға жұмсалатын шығындардың 50%-ы субсидияланады. Президент тапсырмасы бойынша қолдау көлемін екі есеге ұлғайтамыз.

45 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСТЫ

Бигбег, яғни бидай, тұз, цементке арналған қапшық шығаратын кәсіпорынның ашылғанына төрт ай болды. Жылына 5 млн дана өнім шығаратын жоспары бар. Цехта 30-ға жуық адам жұмыс істейді.

Бауыржан Еркеқұлан жұмысшы:

Тігінші болып кірдім. Үш айдай болды жұмыс істеп жатқаныма. Жұмысым жақсы. Қапшық тігеміз. Күніне 2-3 мың қапшық шығарамыз.

Облыста ішкі және сыртқы инвестициялар көлемін ұлғайту үшін былтыр 45 жоба іске асты.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу