Жамбыл облысы Көктөбе ауылындағы ауыз су желісінің құрылысы үш жылдан бері бітер емес. Тіршілік көзі былтыр жыл аяғында берілу керек болған. Тұрғындар сарылдап аққан суды әлі сарыла күтіп отыр.
Алайда 3000-нан астам халқы бар ауылда айналдырған 6-ақ үйде су бар. Басым бөлігі күніне екі сағатқа берілетін суды тасып ішуге мәжбүр. Ал бақшаларындағы баспа құдықтың суы ішуге жарамайды. Бұқара бұған салғырт қарады деп Шу ауданы әкімдігіне шүйлікті. Айтуларынша, жобаны жасаған жауаптылар су мұнарасының қуатын дұрыс есептемеген. 450 түтінді толық қамтуға күші жетпейді. Салдарынан былтыр 80%-ға аяқталған құрылысынан пайда болмай тұр.
Сапарбек Саңырақбай, Көктөбе ауылының тұрғыны:
Су тамақ ішкенге жарамайды. Балаларға обал. Мына бөтелкенің өзі 5 литр су әкелгенге жарайды. Одан кейін бәрі мынау тотығып кетеді, суы жарамсыз ішкенге.
Әкімдік құны 760 млн теңге болатын жобада қателік жоқ дейді. Тек тұрғындар талап еткен соң, қосымша су мұнарасын соғуды ұйғарыпты. Сондықтан жоба осы жылға өтпелі болған. Сондай-ақ, Сауытбек ауылында да дәл осы жағдай қайталанған. Айта кетейік, аудан бойынша 35 елді мекеннің 26-сы ауыз сумен қамтылған.
Серік Сәрсенбеков, Шу ауданы әкімінің орынбасары:
Енді нақты біз қазір мамырдың 25-іне дейін бітіруге дайындалып отырмыз.
Шу ауданы бойынша 76 пайыздық сумен қамтылу жағдайымыз бар. Алла қаласы биыл 9 ауыл, 4 ауылымыз өтпелі болып биыл бітіреді. Қалған 4 ауыл конкурспен биылғы жылы құрылысы басталады.
Данияр Әлімқұл