Президент Өскемен қаласындағы онкологиялық орталыққа барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Өскемен қаласындағы онкологиялық орталыққа барды

26.02.2024

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстанға жұмыс сапары барысында Өскемен қаласындағы Онкология және хирургия ауруханасының жанынан ашылған Сәулелік терапия және диагностика орталығына барды. Президентке жоғары дәлдікпен диагностика жасауға және онкологиялық ауруларды емдеуге мүмкіндік беретін соңғы үлгідегі медициналық құрылғылардың жұмысы таныстырылды. Жалпы өңірде қазір қатерлі ісікпен күреске көп көңіл бөлінген. Өйткені статистика көңіл көншітпейді. Дерт дендеп барады. Қазір 14 мың адам тіркеуде тұр. Десе де жаңа қондырғылардың арқасында ауруды ерте кезден анықтау көрсеткіші жақсарып келеді. Өлім саны да сәл азайған.

Гүлмира Сағидолла, облыстық онкология және хирургия орталығының директоры:

Пациенттерімізге басқа жаққа барып емделудің қажеті жоқ. Бізде бәрі бар. Осында жылына 3 мыңнан астам операция жасалады. Тіпті бізге Ресей, ӨЗбекстан, Қырғызстаннан келіп ем алған азаматтар бар. Дәл қазір Моңғолиядан келген науқас ем алып жүр. Яғни, медициналық туризмді дамытуға да әлеуетіміз бар.

Қазір обыр дерті жүрек-қан тамырлары ауруынан кейін екінші орында тұр. «Сондықтан осындай заманауи орталықтарды ел бойынша ашу керек»,- деді Президент. Әрі дәрігерлермен әңгімелесіп, жұмыстарына табыс тіледі.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу