Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында жаппай астан улану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Инфекция ошағы яғни, дәмхана уақытша жұмысын тоқтатқан. Тағамдардан сынамалар алынып, сот медициналық сараптамалар тағайындалды. Ал астан уланып, ауруханаға жүгінген тұрғындардың саны 37-ге жетті.
Оқиға аудан орталығы Бейнеу ауылында болды. Тұрғындар 19-ақпанда «Али-ман» фасфут орталығына түрлі тағамға тапсырыс берген. Келесі күні олар өздерін жәйсіз сезініп, улану белгілерімен жедел-жәрдем шақырған. Ал 21-нен бастап, жаппай ауруханаға жатқызылды. Барлығына бірдей «нақтыланбаған ішек инфекция ауруы» диагнозы қойылды. Науқастардың арасында 8 бала мен 2 аяғы ауыр әйел бар.
Бибізада Дүйсенбаева, Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
37 науқастың 27-і стационарда. Олардың қазіргі таңда 7-еуінің жалпы жағдайы орташа ауырлықта. Ал 20-сы қалыптандырылды. Бір қалыпқа келді. 2 жүкті әйел болды. Ол екеуінің де жағдайы қазір қанағаттанарлық. Ал 10 жағдайда авсервациялық құжаттары ашылып, олар бақылауда.
СЭС мамандары оқиға орнында тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізген. 10-нан астам тағамнан сынама алып, зертханаға жолдады. Алдын ала мәлімет бойынша, кәсіпкерлік нысан тағам әзірлеп, жеткізу қызметін көрсеткен.
Бердібек Саралтаев, Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
Анализдер алынды, тамақ анализдері, жұғындылар алдық. Ішіндегі қызметкерлер тексерілді. Брақ олар әлі шыққан жоқ бүгінге. Жұмыс барысында зертханада. Одан бөлек, біздер енді жоспардан тыс тағы тексеру тағайындап жатырмыз.
Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты, жаппай улану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Санитариялық қағидалар мен гигиена талаптарын бұзу дерегімен, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Жәбірленушілерге сот медициналық сараптама тағайындалды.
Аягөз Оралбайқызы