Президент Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығына барды

26.02.2024

Мемлекет басшысы Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығын және оның базасында ашылған жеңіл атлетика бойынша облыстағы балалар мен жасөспірімдерге арналған олимпиадалық резерв мектебін аралап көрді. Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова Президентке оқу-жаттығу жиындарын жыл бойы тұрақты түрде өткізу үшін орталықта барлық жағдай жасалғанын айтты. Мектеп ашылған сәттен бері Қазақстанның жеңіл атлетикадан барлық қысқы чемпионаттары осы жерде өткізіліп келеді. Бүгінде орталықта 713 жас өрен жаттығады. Олар республикалық және халықаралық жарыстардан ұдайы жүлделі оралады. Cпортшылар 2023 жылы 281 медаль жеңіп алған. Ольга Рыпакова елімізде жеңіл атлетиканы дамытуға қатысты бірқатар ұсынысын жеткізді. Атап айтқанда, ол өңірде спорт медицинасы орталығын құру маңызды деп санайды.

Ольга Рыпакова, Олимпиада чемпионы:

Спортшылар байрақты бәсекелерде елдің атын шығарып, жеңімпаз атану үшін көп күш жұмсайды. Олардың да денсаулығы қолдауды қажет етеді. Өкінішке қарай, бізде осы мәселеге тиісті мән берілмей отыр. Шығыс Қазақстанда ғылыми-тәжірибелік орталығы ашылса, нұр үстіне нұр болар еді. Өңір табиғи ресурстарға бай. Тоғыз жолдың торабында орналасқан. Нағыз емдеу орталықтарын ашуға қолайлы жер.

Бұдан соң Президент спортшылармен әңгімелесіп, мемлекет спорт инфрақұрылымын жақсартуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Кейін кішкентай футболшы Альтаир Бақытұлы Мемлекет басшысынан жабық шағын футбол стадионын салып беруді өтінді. Ал жеңіл атлетикамен айналысып жүрген 10-сынып оқушысы Аружан Рамазанова Ольга Рыпакова сияқты даңқты спортшы болуды армандайтынын жеткізді.

«Жеңіл атлетикамен 12 жасымнан айналысып, 6 жыл көлемінде қалалық, облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегерімін. Осы спортты таңдағаныма еш өкінбеймін. Болашақта білікті дәрігер болғым келеді. Және де Ольга апайымыз сияқты отанымның көк байрағын желбіретіп, ел абыройын көтергім келеді»

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҮСТЕЛ ТЕННИСІ ОРТАЛЫҒЫН АРАЛАП КӨРДІ

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Өскемендегі Үстел теннисі орталығын аралап көрді. Мұнда ірі жарыстар, бұқаралық спорт шаралары мен оқу-жаттығу жиындары өткізіледі. Сондай-ақ инваклуб спортшылары, «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін кәсіби дәрістер ұйымдастырылады. Спорт ареналарын аралап көрген Мемлекет басшысы осы балалар үйінің жеткіншектерімен сөйлесті. Әрі облыс әкіміне аталған мекеменің жағдайын ерекше бақылауда ұстауды және тәрбиеленушілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ теннис орталығына автобус сыйлап, спортшыларға сәттілік тіледі.


Хабарламаларға жазылу