Ақтөбе тұрғыны екі жылдан бері өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүр. Бота Қартбаева учаскелік полицейдің қателігінен қайтыс болғандардың тізіміне еніп кеткен. Енді ол емдеу мекемелеріне қарала алмайды, соның кесірінен жұмысқа да орналаса алмаған.
38 жастағы келіншектің жеке куәлігі де, басқа құжаттары да түгел. Алайда, қазір қайтыс болған адамдардың тізімінде. Айтуынша, екі жыл бұрын Темір ауданында болған жол апаты кезінде қаза тапқан әйелдің орнына бұның жеке мәліметтері тіркеліп кеткен.
Бота Қартбаева, Өрлеу ауылының тұрғыны:
Учасковыйлардың қатесі. Жеке мәліметті толтырғанда, менің жеке мәліметімді толтырып жіберген. Менің фамилияммен бірдей, қайтыс болған кезде менің жеке мәліметімді тіркеп жібереді. Жұмысқа тұра алмаймын. Медасмотр өте алмаймын. Ауруханаға барсам, қарамайды, өлгендердің қатарында тұрсың деп.
Ботаның алты баласы бар. 2022 жылдың басында мемлекеттен берілетін жәрдемақы да уақытша тоқтап қалыпты. Дегенмен оны кейін қалпына келтірді. Ал медицина мекемелеріне әлі күнге дейін тіркеле алмай жүр. Қарғалы қалалық ауруханасының мамандары да оған көмек қолын созбақшы болыпты. Денсаулық сақтау басқармасына, министрлікке бірнеше мәрте хат жазған. Алайда, әзірге нәтиже жоқ.
Күмісай Байболатова, Қарғалы қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
Электронды денсаулық сақтауды дамыту депараментінен келген жауап бойынша, Қартбаеваның туыстарына, жеке жолдасына айтқан болатын, қайтыс болғандығын алып тастау үшін әділет орындарына жүгінуі тиіс немесе мәселені сот арқылы шешуді сұрадық.
Алайда, Бота Қартбаева Басқаның қателігі үшін мен неліктен қорғаушы жалдап, қаржым мен уақытымды жоғалтуым керек дейді. Облыстық полиция департаментінің өкілдері барлық инстанцияларға нақты сауалнамалық деректер жіберілгенін хабарлады. Көп балалы ананың жеке деректеріне өзгеріс енгізу үшін денсаулық сақтау министрлігіне хат жолданған.
Жақсыбек Кемал