Үкімет басшысы: Ұлттық жоба жоспардағыдай жүзеге асып жатқан жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет басшысы: Ұлттық жоба жоспардағыдай жүзеге асып жатқан жоқ

27.02.2024

Президенттің тапсырмасымен қолға алынған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы дұрыс жүзеге асып жатқан жоқ. Премьер-министр Олжас Бектенов жауаптыларды сынға алды. Денсаулық сақтау министрлігі де, облыстық әкімдіктер де халық үшін маңызды бағдарламаға ат үсті қараған. Әріптесім Оңғар Алпысбайұлы толықтырып айтады.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлығы 655 медициналық нысан салу көзделген. Былтыр тапсырылуы тиіс нысандардың саны бірнеше рет қысқарды. Соңғы есеп бойынша 99 медициналық пункті жыл соңына дейін ашылуы тиіс еді. Алайда оның жетеуі әлі аяқталмаған.

Қанат Шарлапаев, ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Жергілікті атқарушы органдар жобалық сметалық құжаттамаларды байланыстыру үшін құжаттарды уақытылы ұсынбады. Мәселен ұсынылған геологиялық есептеге сұрақтар туындады. Қажетті келісімдер және жерге құқық белгілейтін құжаттар болмады.

Құжат уақытылы қатталмаған соң құрылыстың басым бөлігі қара күзде басталған. Биыл мұндай салғырттыққа жол берілмейді деп ескертті Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Құрылыс жұмыстарын алдағы наурыз сәуір айларында бастау керек. Денсаулық сақтау министрлігі болса оларды қаржыландыру үшін бюджеттік өтінімдерді беруге асығар емес. Әкімдіктер де қаржыландыру мәселесін шеше алмай келеді. Денсаулық сақтау министрлігі бақылауды әлсіретіп алды. Әкімдіктер де құрылыс орындарын анықтау, жер учаскелерін уақытылы бөлу бойынша түрлі сылтау айтып, мәселені шұғыл шешуге ниет танытқан жоқ.

Басталған құрылыс нысандарының да тұралап қалғандары көп. Бұл жолы әкімдер кінәні мердігерлерге бұрды.

Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:

Маусым айында бір мердігер жеңіп, құрылыс барысында сапасыз материалдарды қолданғаны анықталды. Осыған байланысты құрылыс монтаж жұмыстары уақытылы орындалмай шартты бұзуға мәжбүр болдық. Қазіргі таңда мердігерді жосықсыз деп тану туралы сот жүргізілуде. Өз кезегінде қалған жұмысты аяқтау үшін конкурс жарияланды. Мердігерді анықтау 13 наурызға көзделуде.

Өзге облыстарда да тура осы сылтау. Ал биыл 556 нысанды пайдалануға беру керек. Жұмыс істеп тұрған 32 аудандық аурухананы жаңғырту да жоспарда. Олжас Бектенов жоспарды бұзғандарға жаза бар екенін еске салды.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Әр нысанның құрылыс жұмысына жеке жеке қадағалау жүргізу қажет. Себебі биыл тапсыру мерзімін тағы да кешіктіруге болмайды деп қатаң ескертті Премьер-министр. Ал құрылыс жұмысы аяқталғаннан кейін нысандарды жиһазбен қамту жұмысын отандық кәсіпкерлерге жүктеу керек. Ал ең негізгісі медициналық мекемелерді білікті мамандармен қамтамасыз етуіміз керек деді Олжас Бектенов.


Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу