Қызылордалық оқушы репетиторлар платформасын іске қосты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордалық оқушы репетиторлар платформасын іске қосты

27.02.2024

Қызылордада 11 сынып оқушысы репетиторлар іздейтін бірегей платформаны іске қосты. Арнайы ғаламтор желісіне елімізден ғана емес 12 мемлекеттен оқушылар тіркеліп, ақысыз негізде білімін жетілдіруде. Жалпы өңірде ІТ жобаларымен көпті таңқалдырып жүрген жастар жетерлік. Тілшіміз Әділбек Серікұлы ұшқыр ойлы жастармен тілдесті.

Жансая жасаған платформада қазір онда мыңнан аса білім алушы мен 150-ге жуық ерікті репетитор тіркелген. Сабақты көбіне мұғалімдер емес жоғары сыныптың оқушылары береді. Кез келген бала платформаға қосылып, бес пән бойынша тегін білімін жетілдіре алады.

Жансая Ержанқызы «Easier together» платформасының авторы:

Сабақ беретін адамдар НИШ, РФМША, BIL секілді мектептерден Қазақстаннан болса, шет елден болса белді мектептердің оқушылары. Бізде қазір үш тілде сабақтар өтіп жатыр. Оның барлығы тегін. Яғни, әлеуметтік аз қамтылған оқушыларға мен өз көмегімді тигізгім келді.

Оқу платформасына қосылған ТМД және Еуропа елдерінің оқушылары мен ұстаздары әр мемлекеттің оқу бағдарламасынан тың дүниені ойға түйеді. Білімді жас репетиторлардың көмегін кеңінен қолданысқа енгізу үшін келешекте смартфон бағдарламасына жүктеуді көздеп отыр.

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙТІН ДЫБЫСТЫҚ КӨМЕКШІ

Ал қызылордалық жас Оралбек Абдуллаев «aiDos» атты жасанды интеллект арқылы жұмыс атқаратын қазақ тілді дыбыстық көмекші ойлап тапты. Оның ерекшелігі ұлтымыздың тарихы мен мәдениетіне қатысты кең мағлұмат бере алады. Платформаны қазір Қорқыт ата университетінің ІТ мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттері әлі де жетілдіру үстінде.

Оралбек Абдуллаев, «aiDos» дыбыстық көмекші құрылғысының авторы:

«aiDos» кез келген қазақтың сөздерін түсіне алады. Одан кейін осы түсінетін сөздерге жауап беру үшін біз қазір бүкіл әлемге танымал болып жатқан GPT-4-тің алғашқы моделін қостық. Нақты әрі шынайы жауаптарды шығару үшін өзіміз базаны қолға алып жатырмыз қазір. Базаға 5 мыңнан аса сұрақтың жауабын өзіміз жазып шықтық.

Жасанды интеллектті меңгерген Оралбек қазір «aiDos» арқылы робот конструкцияны да қазақша пәрменге үйретіп жатыр. Жаңашылдыққа жаны құмар жас құрылғыны болашақта өндіріске пайдалануға бейімдемек.


Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу