Шымкент қаласындағы дендро саябағының аумағы жыл өткен сайын тарылып барады. Қазір ондағы ағаш қоры 7-8 есе азайып кетті. Өйткені, қалталы азаматтар ерекше қорғалатын аймақты шетінен жырымдап, төңірегіне үй салып алған. Ең сорақысы , қазір прокуратура аумағы атшаптырым саябақтың мемлекеттік актісін таба алмай отыр. Дендробақтың төңірегіндегі былықты тілшіміз Ғани Қалмаханов анықтауға тырысты.
Дүниежүзіндегі ағаштардың гендік қоры жасақталған дендро бақта әу баста 1 жарым мыңнан астам ағаш түрі болған. Қазір содан қалғаны небәрі 214 қана. Алып шаһардың атмосферасын оттегімен толтырумен бірге қоршаған ортаны улы қалдықтардан тазартатын орманды аймақта мыңнан астам ағаш түрі тамырмен жоқ болып кеткен.
Гүлнар Сапарымбет, дендросаябақтың директоры:
Бұл көп мәселелермен азайған. Біреулері қурап кеткен. Ағаштардың қартайғандары да бар. Ол физологиялық свойство. Үшінші су тапшылығы. Ол жағы да бар.
Саябақтағы ағаштар әсіресе соңғы жылдары күрт азайды. Осыдан үш жыл бұрын іргедегі жолайырық құрылысы басталғанда осында келетін жалғыз су арнасын мүлдем жауып тастады. Тек былтырдан бері суғару жүйелері қайта қалпына келтірілуде. Саябақта ағаш түрлерімен қоса, жері де тарылып келеді.
Мынау дендросаябақтың меншігіндегі жер. Аумағы 4 жүздіктен асады. Кезінде элиталық үй салып қоныстанғандар енді бұл жерге тақтайдай тегіс асфальт төсеп, қақпасын мынадай шлагбауыммен бекітіп те алған.
Саябақ осындай тәсілмен 45 жылдың ішінде 7 гектар жерінен айырылып қалды. Қазіргі құжат бойынша қалғаны 117 гектар аумақ. Қоғам белсенділері енді саябақ жерін талан-таражға салғандарды анықтап, солардың қаржысына орманды алқапты мемлекетке қайтаруды ұсынып отыр.
Мырзахмет Сынабаев, қоғамдық кеңес мүшесі:
Сол кезде қандай шешіммен кімге кеткен. Сол кездегі билеген әкім болсын, басқа болсын қоғамдық кеңестің атынан бәріміз жиылып хат берейік, сол кісілер өзі сатып алсын. Сөйтіп қайтару керек.
Осы дау басталғалы жергілікті билік және прокуратура саябақтың бастапқы құжатын таба алатын емес. Өйткені демалыс орнының алғашқы шыбығын еккендер оның аумағы әлдеқайда үлкен болғанын айтады.
Әбілқайыр Оңғар, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
Халық арасындағы, жалпы мемлекеттік орган арасында жүрген әңгіме 140 гектар болды деген. Оны прокуратура да, біздің мекеме де алғашқы гос актіні ала алмағанбыз. Енді мемлекеттік архивке шығып, құжаттарды көтеретін боламыз.
Тағы бір қиындық, саябаққа қазір 117 гектар тиесілі екені туралы құжат болғанымен оның нақты қай аумақ екені белгісіз. Өйткені сәйкестендіру ісі жүрмеген. Қазығы қағылмаған. Топоргафиялық және жобалау жұмыстарына 23 миллион теңге қажет. Саябақ басшылығы жуырда қазынадан осы қаржыны бөлуді сұрап, мәслихатқа хат жолдады.
Ғани Қалмаханов