Ақмола облысында 100-ден аса жылқы қырылып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында 100-ден аса жылқы қырылып қалды

03.03.2024

Ақмола облысында 100 ден аса жылқы қырылып қалды. Үскірік аяздан жайылым қатқақтап, тебіндеу қиындаған. Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, қазірге дейін 117 жылқының өлексесі табылған. Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірге комиссия жіберген. «Жылқының қырылуына иелерінің малды фермаларда ұстамауы, қажетті мөлшерде жем-шөп дайындамауы себеп»,- дейді олар.

Сондықтан комиссия мынадай шешім шығарған:

-жеке қосалқы шаруашылықтардағы 73 мың жылқыны қораға ауыстыру;

-жергілікті жерлерде мал басын жеммен қамтамасыз ету;

-қатып тұрған қардың үстіңгі қабатын қопсыту.

Осы жағдай басқа аймақтарды да алаңдатып отыр. Дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай кеше Фейсбукке былай жазды:

«Арқада, оның ішінде Жаңаарқа ауданында құлақ естіп, көз көрмеген жұт болып жатыр, ағайын. Жылқы жарықтық қырылып жатыр. Биелер тегіс құлын тастаған. Тұтас үйірлер жоғалып, із-түссіз кеткен. Мал баққан, оның сүмесіне қарап отырған елдің еңсесі түсіңкі. Шөп бағасы шарықтап кеткен, тоннасы 120 мыңға жеткен! Естуімше, билік малдың жұтқа ұшырауын халықтың өзінен көруде. Халық өлген малын дәлелдей алмауда. Қысқасы, өкіметтің позициясы – «малдардыңды дұрыс бақпаған, жұтқа дайындалмаған өз обалдарың өздеріңе» дегенге саяды».

Ерлан Төлеутайдың сөзінше, мұндай жағдай арқада 1968-1969 жылдары болған. Яғни, 56 жыл бұрын. Ал биылғы наурызда жаңбыр жауса, жағдай қиындап, ел жүген ұстап қалмақ. Алайда оған бас ауыртып жүрген басшыларды көрмедім деп жазды.


Хабарламаларға жазылу