Ақтөбе облысында полицей 4 баланы өрттен құтқарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында полицей 4 баланы өрттен құтқарды

04.03.2024

Ақтөбе облысында жанып жатқан үйдің ішінен төрт баланы алып шыққан полицейдің өзі де зардап шекті. Ал құтқарылған балалардың бір санавияциямен облыс орталығына жеткізілген.

Оқиға Қарауылкелді ауылында болған. Полиция бөлімінің аға инспекторы Әділ-Қаһар Кәдіров үйдің жанып жатқанын көріп, үй иесін оятып, төрт баланы сыртқа алып шыққан. Бесінші бала түпкі бөлмеде қалып қойған. Полицей оған жетем деп екінші мәрте кірген кезде, қою түтінге тұншығып, есінен танып қалған. Дегенмен, құтқарушылар да лезде жетіп, бесінші баланы алып шықты.Ол санавиациямен облыс орталығына жеткізілді. Тағы бір бала анасымен бірге аудандық ауруханада жатыр. Ал 4 жанды өлімнен арашалаған Әділ-Қаһар дәрігерлердің көмегінен кейін қызметіне қайта қосылды.

Әділ-Қаһар Кәдіров, Байғанин аудандық полиция бөлімінің мемлекеттік автоинспекторы:

Уақыт жоғалтпай үйге кіріп тұрған газды, насостарды сөндірдім, бірінші әрекетім сол. Содан үйге кірген кезде үш бала тұрды, ар жағында қыз бала тұрды. Оларды қауіпсіз жерге көшіріп, сосын көрші келіншек бір бала түпкі бөлмеде қалып қойды деді. Екінші мәрте кірген кезде түпкі бөлмеге жете алмадым, түтін қалың болады.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу