Алғашқы «Болашақтың ойындары» аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алғашқы «Болашақтың ойындары» аяқталды

04.03.2024

Татарстан астанасы Қазан қаласында алғаш рет ұйымдастырылған «Болашақтың ойындары» жарысы аяқталды. Компьютерлік ойындар мен дәстүрлі спорттың сайысына Қазақстан атынан 50-ге жуық ойыншы қатысты. Олар басты жүлде 10 млн АҚШ доллары үшін таласты. Халықаралық сайыстың қорытынды нәтижесі туралы тілші материалында.

Бұл сайыстың форматы «фиджитал» деп аталады. Яғни, физикалық және диджитал мүмкіндіктер бірдей сынға түседі. Қатысушылар әуелі кибер әлемде өзара мықтыны анықтаса, кейін шынайы жарыс алаңында сынға түсті. 

Спорт, тактика, стратегия, жылдамдық және технология. Жарыс бес бағытқа бөлінді. Қызықты бәсекелер қатарында дрондар жарысы, «counter strike» пен «war face» сынды компьютерлік ойындар болды.

2 мың қатысушы. Жүзден астам мемлекет. 21 жарыс түрі. Ал Қазақстан атынан 13 бәсеке бойынша 48 спортшы қатысты. "Барыс Кибер тим" командасы плей-офф кезеңіне дейін өтті.

Әділ Аманжолов, хоккей құрамасының ойыншысы:

Ледта шамалы қиындау болды. Киберде оңайырақ шамалы. Біз бұрыннан бірге ойнаймыз.

Ал «Counter-Strike 2» ойыны бойынша Қазақстан ойыншылары үздік атанды. Ақтық сында олар ресейлік құрамамен кездесіп, сенімді түрде 2:0 есебімен жеңіске жетті. Жерлестеріміз 175 мың доллар ұтты.

Сонымен қатар, Dota2 бойынша әр түрлі халықаралық командалар құрамында қазақстандықтар турнирдің ақтық кезеңіне дейін өтті. Ал "Young" командасының жаттықтырушысы Әлім Рахметов өз командасын бірінші орынға жетеледі. Сондай ақ «Absolute» командасының мүшесі Әділ Елдосов Standoff дисциплинасының жеңімпазы болды.

Осылайша киберспорттың көкжиегі кеңейіп келеді. Келесі ойындар біздің елде өтуі мүмкін.

Хабарламаларға жазылу