Қазақстан мен Еуропалық Одақ аса маңызды шикізат материалдарын өндіріп, өңдеуге бағытталған ортақ жобаларды белсенді жүзеге асырмақ. Брюссельде өткен бизнес форумда тараптар тұрақты шикізат, батареялар және жасыл сутегі бойынша ынтымақты күшейтіп, жол картасын жүзеге асыру жолдарын талқылады. Еліміздің Бельгиядағы елшілігі ұйымдастырған шараға Еуропалық институттардың өкілдері, кәсіпкерлер мен ҚР Президентінің энергетика мәселелері бойынша кеңесшісі Болат Ақшолақов қатысты.
Қазақстан Еуропалық Одақпен тұрақты шикізат, батареялар және «жасыл» сутек құны тізбегі саласындағы стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Келісімді жүзеге асыру үшін жол картасы қабылданған. Соған сәйкес, қос тарап жасыл экономикаға, цифрлық трансформацияға өтуге бағытталған нақты жобаларды көбейтуге құлшынып отыр.
Болат Ақшолақов, ҚР Президентінің Кеңесшісі:
Техника жағынан 40 МВТ-қа дейін жаңартылған энергия шығарып, сосын водородты шығаратын жобаларды, әсіресе Маңғыстау облысында осындай жоспарымыз бар. Қазір біз техника жағынан талқылап жатырмыз бәрін.
Питер Хэндли, Еуропалық комиссияның шикізат бөлімінің жетекшісі:
«Тау Кен Самұрық» пен Еуропа қайта құру және даму банкі екі жобаны жүзеге асыруға қол қойды. Бірі-жоғарғы қайрақты вольфрам кен орны, екіншісі тұзды батпақтан литий өндіру. Тағы бір компания қазақ үкіметімен елдеріңіздегі минералды ресурстардың қорын бағалау туралы келісімге отырды.
Басқосуда тараптар энергияның баламалы көздерін дамыту, климаттық бейтараптық мәселелерін де талқылады. Еуропалық Одақ Қазақстанның 2060-жылға қарай көміртегінен арылу жобасын қолдайды. Және оны жүзеге асыруға бағытталған озық тәжірибесімен бөлісуге дайын.
Люк Девинь, Еуропалық сыртқы істер қызметінің Ресей, Шығыс серіктестік елдері, Орталық Азия және ЕҚЫҰ бойынша басқарушы директорының орынбасары:
Қазақстанның етін, мал өнімдерін экспортқа шығару бойынша да ынтымақты дамытудамыз. Кеңейтілген әріптестік келісіміне сәйкес 29 сала бойынша байланысымыз бекем. Біз Қазақстанның халықаралық аренадағы позивті рөлін, Президент Тоқаевтың реформаларын қолдаймыз.
Форум барысында «Kazakh Invest»ұлттық компаниясының өкілдері шетелдіктерге Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктерді таныстырды. Елдегі тұрақтылық пен қолайлы инвестициялық климат еуропалық инвесторларды қызықтырып отыр. Былтыр ЕуроОдақпен өзара сауда айналымы 37,7 млрд долларды құраған. Қос тарап өкілдері аса маңызды шикізат материалдары саласындағы ынтымақтастық-алыс-берісті еселейтініне сенімді.
Нұрсұлу Қасым